Жаңалықтар

«Ұстаз» фильмі эфирге шығады

Елімізде «Ұстаз» фильмінің таныстырылымы өтті. Режиссер Ерлан Ошақбаевтың фильмінде жас ұстаздың туған ауылына оралуы, өзі оқыған мектепте жұмыс істеуі, оқушылармен қарым-қатынасы көрсетілген.

Сурет su.kz

Мұғалімнің беделі, шәкірттерін білім бәсекесіне қабілетті етуге ұмтылысы мен жаңашылдығы, сондай-ақ, педагогикалық қызметтің қиындығы мен қызығы көрініс табады.

Фильмнің таныстыры­лымында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мә­дениет және ақпарат ми­­нистрлігімен бірлесіп, фильмді еліміздің басты телеарналарынан көрсету және өңірлердегі педагогтер қауымдастығы арасында тарату жөнінде ұсыныс білдірді.

– Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамда маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Бұл сөздер педагогтерді қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдармен бекітілді. Алғашқы және маңызды қадамдардың бірі 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болды. Ол педагогтердің жұмыс жүктемесін азайту, артық функциялардан босату және жаңа ынталандыру шараларын енгізу мәселелерін реттеді. Фильмнің негізгі миссиясы – педагогтің тек мамандық емес, нағыз шақыру, миссия екендігін көрсету. Олардың қоғамдағы рөлін терең түсінуге, жас мұғалімдер үшін жауапкершілікті сезінуге және кәсіби дамуға шабыттандыратын маңыз­ды себеп болатынына сенемін, – деді министр.

«Ұстаз» фильмінің идея авторы – Бейсен Құранбек, сценарийін жазған – Гүлмира Қадырқызы. Фильм кейіпкерлерінің рөлдерін Жетісу облыстық драма театрының және оқушылар сарайындағы поэтикалық театрдың актерлері сомдаған. «Ұстаз» фильмі алдағы уақытта еліміздің бас телеарналарынан көрсетілмек.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button