Үміт сәулесі
Мүмкіндігі шектеулі жандарды ынталандырып, биіктерді бағындыруға жетелейтін даңқты парадзюдо шебері, Париж Олимпиадасында күміс еншілеген Ерғали Шамей туралы «Үміт сәулесі» фильмін енді тифлотүсініктеме арқылы тұрақты тамашалауға қолжетімді болады.

Осы уақытқа дейін елімізде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тифлотүсініктемелі фильмдер жоқ еді. Бұл тәжірибе шет мемлекеттерде жақсы дамығанын айта кету керек.
Жуырда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Ғалым Нұрланов пен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Жұмағали Құрманбек тифлотүсініктемелі қазақстандық фильмдерді дайындау, заманауи экрандық мәдениетке баулу мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумын бекітті.
Меморандум аясында «Қолжетімді кино» жобасы жүзеге асырылып, тифлотүсініктемелі фильмдер дайындалып, кітапхананың ұйымдастыруымен ол фильмдер көрсетілімі өтеді. Ұсынылатын фильмдердің кезегінде Серік Сәпиев туралы «Боксер» фильмі, құқық қорғау органдарының көзсіз ерлігін дәріптейтін «Бүркіт» фильмі тұр. Алдағы уақытта өзге де тифлотүсініктемелі фильмдер оқырмандарға жол тартатын болады.
Облыстық арнайы кітапхананың осындай алғашқы жобасы Ш.Айманов киностудиясымен бірлескен «Менің атым – Қожа» фильмі болатын. Біртуар жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай және «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында осы фильм тифлотүсініктемесімен №1 арнайы мектеп-интернатында көрсетілген болатын.
Қол қойылған екі жақты меморандум сол игі бастаманың сәтті жалғасы және мемлекетіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығы һәм қолдауы.
Айжан ИСИНА,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы.



