Бас тақырыпКоронавирусРесми

Қарағанды облысында карантин режимі күшейтіледі

Коронавирус инфекциясының таралу аумағының кеңеюіне байланысты Қарағанды облысында 7 сәуір сағат 00:00-ден бастап карантин режимін күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданады. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлімдеді.  

Департамент басшысының айтуынша, жергілікті халықтың кәсіпкерлік және басқа да тұрмыстық жағдайлары ескеріле отырып, Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларында, сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Ботақара, Ғабиден Мұстафин және Петровка ауылдарының аумағына ерекше тәртіп енгізілді.  Яғни, бұл елді мекендердің тұрғындарына тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынады. Тұрғындар, үйден жұмысқа, дүкенге немесе дәріханаға (тұрғылықты жерінен 1 500 метрден аспайтын радиуста орналасқан), шұғыл жағдайда медициналық мекемелерге бару үшін, үй жануарларын серуендетуге (үйден 500 метрден аспауы тиіс әрі карантиндік үйдің тұрғыны болмауы ) және қажет болған жағдайда мал дәрігерлік клиникаға бару үшін ғана шыға алады. Сонымен қатар, банктік операциялар жасау немесе жанармай сатып алу үшін шығуға болады.  

“Карантиннің ерекше тәртібі енгізілген аумақта қалалар мен аудандардың тыныс тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелердің ғана жұмысы жалғасады. Басқа ұйымдардың барлығы қызметін уақытша тоқтатады. Сондай-ақ, кәсіпорындар өз қызметкерлерін жұмысқа міндетті санитарлық өңдеу шарты орындалған қызметтік көлікпен ғана жеткізе алады. Жұмыс уақыты аяқталған соң оларды қайта үйлеріне жеткізулері тиіс”, – деп атап өтті Қанат Асқаров.

Тағы бір айта кетерлігі, карантиннің ерекше тәртібі енгізілген елді мекендер аумағындағы жолаушы тасымалы қаланың ішінде және сыртқы жолдарында толық тоқтатылады. Тек, санитарлық нормалар қатаң сақталған ресми такси қызметін пайдалануға ғана рұқсат беріледі. Оның өзінде, көлікте, тек, бір ғана жолаушы болуы тиіс. 

Карантиндік аймаққа кірмейтін қалалар мен аудандардағы жолаушы тасымалы әзірге жұмыстарын жалғастыра бермек. Сондай-ақ, Қарағанды облысы арқылы өтетін транзиттік көліктерге карантин аумағынан аялдамасыз және тоқтаусыз жүруге ғана рұқсат беріледі.

Сондай-ақ, жерлеу рәсімдеріне де ерекше талап қойылатын болды. Яғни, жаназаға марқұмның жақын туыстары ғана қатыстырылады. Әрі олардың саны 10 адамнан аспауы тиіс. Сондай-ақ, жерлеу рәсіміне қатысушылар бір-бірінен 2 метр қашықта тұруы керек.  

Қанат Асқаровтың мәлімдеуінше, облыстық өзге қалалары мен аудандарында төмендегідей шектеулер енгізілмек:

– азық-түлік, дәрі-дәрмек, банк қызметтерін пайдалану және жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеледі;
– халық жаппай жиналатын орындар – саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және т. б. жабылады;
-бизнес-орталықтардың жұмыс тәртібі шектеулі – сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін;
– барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсынылады;
– ауданы 2 000 шаршы метрден кем нысандардың және азық-түлік дүкендерінен басқа барлық сауда нысандарының қызметі тоқтатылады;
– мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады;

– мейрамханалар мен дәмханаларға  тағамдарды жеткізу арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіледі;
– көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда топтармен үш адамнан артық жиналыстарға тыйым салынады (отбасы мүшелерінен басқа).

– Кәмелетке толмаған азаматтарға қала бойынша ересектерсіз жүруге тыйым салынады.

 

Басқа материалдар

Back to top button