Індетті жою – міндет
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестиция тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.
Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз.
Парасат ҚАСЫМБЕКОВА,
Сәтбаев қаласының орталық кітапхана қызметкері.