Руханият

Ермеков есімі еленсе!

«Кеменің атауын қалай қойса, солай жүзеді» деген тәмсіл бар екен көршілес елдің бірінде. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» дей отырып, «Біздегі мектептердің атауы оның білім беруі мен бағытына қаншалықты әсер етеді екен?» деген ойға қалдым. Олай ойлауымның да себебі жоқ емес. Қаламызда былтыр ғана ашылған №103 мектеп-лицейге бас сұққаннан туған ой ғой…

Сырты қандай әдемі болса, іші де сондай жарқырап тұрған мектеп екен. «Шіркін-ай, біз оқып жүрген заманда мектептерге осылай көңіл бөлінбегені-ай» деген ой туады екен. Бұл, тек, жөндеу жұмыстары мен ішкі дизайнын көргеннен түйген пайым емес. Мектептің ішінде оқушыларға барлық жағдай жасалған. Заманауи стильдегі білім ордасы. Коворкинг орталығы бар. Дүниені дүр сілкіндірген COVID-19 вирусы болмағанда оқушы толы мектепті көрер ме едім?! «Дүниеде не жетім?» деген сұрақ қойыла қалса, «Оқушысыз, қаңырап қалған мектеп жетім» – деп шешенситіндей-ақ жер.

Сонымен, бұл мектепте мені таң қалдырған, тамсандырған, әсерлендірген басты дүниенің бірі – Әлімхан Ермековке арналған музей. Бұрыш емес, қуыс емес, кәдімгідей ауыз толтырып айтарлық музей екен. Заңды түрде Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде тіркелген. Датасы жазылып, мөрі қойылған.

«Әлімхан кім?» деген сұраққа кез келген адам үшін тосылмай берер жауап бар. Ол – Алаш Орданың соңғы тұяғы. Бұл – сипалап қана берген жауап қой. Әйтпесе, Әлімхан Ермековтің Кирвоенревкомның №2043 мандатымен Мәскеуге барғандағы қазақ жерінің шекарасын бекіту жөніндегі баяндамасының өзі неге тұрады?

Хош, сонымен, №103 мектептегі Әлімхан Ермеков атындағы музейге кіріп келсеңіз, сізді «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болмаққа» ұмтылған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жалынды жырының үзіндісі қарсы алады. Мен сол жырдың бір шумағын мысалға алайын…

«Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,

Келеді екінші болып бұл ретпенен.

Қазақта мұндай жігіт көрмедім деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен», – дейді. Бұл әрине, мектепте тұрған шумақ емес.

Сонымен, қарт Потанин Әлімхан Ермеков жайлы не деді екен? Бұл, әрине, әрбір оқырманға қызықты мәлімет. Потаниніміз – Шоқан Уәлихановтың досы. Әлімхан ол кісімен Томскіде оқып жүрген шағында танысқан. Потаниннің «Әлімхан, сенің білімің – ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» деген сөзі жас жігітке өмірлік мотивация болған сыңайлы.

Алашордашылар ішінде қуғын көріп, ақталып, аман қалғандар санаулы. Санаулы дегеніміз өтірік болар. Жоқтың қасы делік. Мұқым қазаққа танымал тұлғалардан Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков қана бұл аласапыраннан аман шыққан. Онда да қара бастарын күйттегеннен емес. Алдыңғы буын ағалар «Кейінгі жастарға бағыт-бағдар берсін, кетсек, біз кетейік. Бұл жігіттердің бізге еш қатысы жоқ» деп соңынан ерген інілерінің басын ажалдан арашалап қалған екен.

Жалпы, Әлімхан Ермеков екі мәрте қуғын көріп, түрмеге отырып шыққан адам. Бірінші мәрте 1937 жылы іс қозғалып, 1939-1947 жылдар аралығында қамауда болған. Түрмеден шығысымен арыз жазушылардың кесірінен қайта ұсталған. Әлімхан Ермеков 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, 1958 жылы қамаудан шыққан екен.

Сонымен, «не үшін №103 мектеп-лицей Әлімхан атына лайықты?» деген заңды сауал туады. Жауап беруге тырысалық.

Бұл – мектеп математика бағытын ұстанған мектеп. Ал, Әлімхан Ермеков Қарқаралыдан мектеп ашқан. Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқыды. «Ұлы математика курсы», І бөлім (1935), «Қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты оқулықтардың авторы. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алады. Ол аз десеңіз, өмірінің соңына дейін ҚарТУ-да математикадан дәріс оқыған.

«Біздің мектептен мұражай ашылғанда Әлімхан Ермековтің ұрпақтарымен байланысқа шықтық. Немересі Олег Ермеков қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрады. «Maryadi education» атты білім беру орталығының басшысы, экономика ғылымдарының докторы. Осы кісі ашылу салтанатына арнайы келді. Болашақта біздің мектептен математика бағытында талантты жастар шықса, жол қаражаты, басқа да шығындарды өзі көтеріп, жас таланттарды шетелге алдырып, әрі қарай оқытуды жоспарлап отыр», – дейді мектеп директоры Рахат Қайратұлы.

Рас, облыста Ақадыр, Қарқаралы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылында Әлімхан Ермеков атындағы мектептер бар. Бірақ, қаланың көрікті жерінде орналасқан, болашақта маңдайалды мектеп болуды мақсат тұтқан бұл білім ордасына Алаш Орданың соңғы өкілі Әлімхан Ермеков есімі берілсе, Алаш жұрты қуанар еді-ау…

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button