Өрдегі төр

Арқаның ардақты да аяулы ақыны Абзал Бөкен жетпіске келді. Шығармашылық адамы үшін айтулы белес болып табылатын, осынау мерейлі жасқа шаршамай-шалдықпай, қаламының қуатын азайтпай, шалқыған шабытын ортайтпай келген Абзал Бөкен өзінің аса зор талантына лайық бағасын алды деп айту қиын. Өйткені, көп қаламдасынан биік, көп әріптесінен озық бұл ақын атақ-даңқтың шұғыласына шомылып, дәрпі Алаш еліне жайылып жүрген жоқ. Тіпті, осындай ерекше бір дарынды ақынның ортамызда сау-саламат өнер ашып жүргенін қалың оқырман біле бермеуі де мүмкін. Өлең сөздің құпиясын жіті аңғаратын ең талғампаз жыр жанашырлары ғана Абзалдың жампоз жырларының құнына жетіп, оның өлең кітаптарын күтіп жүріп оқиды. А.Бөкеннің қарапайым болмысы мен күрделі ақындық тағдыры да осындай әділетсіз ақиқатқа себеп болдыау деп ойлаймын. Өйтпесе, сонау, 70-жылдардың орта кезінде-ақ өзінің алтын құймадай бірегей өлеңдерімен Абай қағанатында алшаңдап жүруге қақысы бар екенін толық дәлелдеген жас ақын талайымыздың басымызды еріксіз шұлғытып еді. Өз басым сол жылдары Балқашқа жолым түскенде оны арнайы іздеп барып, ізетімді білдіргенім есімде. Мені ақын деп, біреу бауыры елжіреп іздеп келді-ау деп елең еткен Абзалды көргенім жоқ. Ол әлі күнге сыртқа сыр бермейтін саяқ қалпымен өз ақындық ғұмырын кешіп келеді. Әдеби ортаға да бірде жақындап, бірде алыстап кететін Абзалдың оқшау тіршілігіне етіміз үренген. Ең бастысы, ол өзінің өлең өлкесіндегі жосылған ізін жоғалтқан жоқ, дамылсыз ізденістерін бірде Балқашта, бірде Қарағандыда, бірде Алматыда жалғастырып, сөз сүрлеуін соқпаққа, соқпағын күре жолға айналдырып, шығармашылық күресте ірі жетістіктерге жетті.

Абзал өлеңдерінің жілік майы әлдеқашан толысқан, буыны қатқан, шырайы келіскен. Әлдебіреулер секілді шөпті де, шөңгені де өлеңге айналдырып, қолдан қасірет жасап, саусағын сорып келе жатқан жоқ. Күрделі өмір тәжірибесі оның өзегін өртеген отты өлеңдеріне арқау болды. «Уыт» деп аталатын бір том рубайлар кітабына енген әр төрттағанның ар жағында әділет пен зұлымдықтың, ақиқат пен жалғанның, даңқ пен дақпырт арасындағы қайшылысқан өмір үдерісінің өзі тұрғанын аңғару арқылы Абзалды кемел дарындардың қатарына қоса бересіз. «Уыт» жинағына енген 777 рубайдың әрқайсысы бір-бір күрделі өлеңнің жүгін арқалап, әрқайсысы бірбір әлеммін деп алдыңызға келгенде, ақын дейтін жанкешті өнер иесінің бейнесіне аяушылықпен қарайтын кез болады екен. Омар Һайямнан қалған рубай үрдісін қазақ топырағына орнықтырған Абзал жауапкершілік жүгін жете ұғынып, соны сүрлеу үстінде талай олжаға кенеліпті. Бұл төрттағандардағы оқшау ойлар, өрнекті образдар өз алдына, шағын лирикадағы ішкі ұйқастар ақын шеберлігінің көрінісіндей болып, көңілге ұялап, таңдай қақтырады.

Мәнісін келтірсін деп мауызына,
Сөзімді Алла салған ауызыма.
Сыймас ой төрт мың жолға,
Сәті түссе,
Төрт жолдың сыйып кетер қауызына, – деп өзі айтпақшы, осы төрт жолдардың құдіретімен талай асыл ойлар, оқыс тұжырымдар айтылған. Құбылмалы заман, құбылғыш адам, кісі бойындағы мерез қылықтар, өмірдегі келеңсіз көріністер ақынның сезімтал зердесіндегі сүзгіден өтіп, құйылып түскен төрттағанға айналғанда, оған парапар келетін үлгіні есіңе түсіргің келеді. Ойыңа Абай оралады. Дәстүрдің сабақтастығын, жақсының жалғастығын танығандай боласың. Ұлы хакімді құрметтегендер Абзал өлеңдерін де қомсына қоймас деп сүйінесің.

Байтағым, барлығыңа сүйінемін,
Бас қосқан бауырында дүйім елің.
Зар болдым бетін таппай зерлі
әлемнің.

Дал болдым шетін таппай дүниенің, – дейді Абзал ақын. Сол зар болу мен дал болудың арасында арпалысқан ақын қанша күрмеуді тапқан, қанша сүрлеуді түгендеген. Өлең деген іштегі қыжыл қаншама толғаныстарда тап басып бейнелеу арқылы кісіге небір күрделі ойлардың шылбыр ұшын ұстатады. Шеберлік деген сол шығар.

Біздің қолымызға түскен «Тәж» деген өлеңдер кітабы Абзал Бөкеннің қандай ой шарпылыстарын кешу арқылы көркемдік шындық ізденістерінің куәсі. Шынында да:

Ішінде көп жылқының көкаладай,
Өлеңді сөз патшасы деген Абай.
Төре сөз тәжін киіп төрлемесе,
Қалайша төңірекке төгеді арай?!
Мәңгіліктің майданына сөзбен араласқан Абзалдың қазақы ұғымдар арқылы жанымызға жақындай түсуі – заңдылық. Оның көркемдік құралдары да ұлттық болмыстан бастау алады.
Ұлтан – жұқа,
Жер – қатты.
Тұла бойға тер қатты,
Қапталыма – үзеңгі,
Қайқы белге – ер батты.
Үгілмесең – үгем деп,
Бүгілмесең – бүгем деп.
Семіз заман мініп тұр,
Арық атты мінем деп.
Жорта-жорта болдырдым,
Болдыртқан сол – жол құрдым.
Не батқанын арқама

Заман емес,
Мен білдім.
Атқа балар тай күшін,
Емеспіз ғой жай кісің.

Халық қамы деп айттым,
Қара басым қайғысын.
Қалай-қалай жортады жүйірігіміз, сол заман жайы, қоғам қасіреті осындай күйлі өлеңдеріне арқау болған.

Қай заманда, қай қоғамда, қашан болса да өмір – арпалыс. Үнемі жүріп жататын ой арпалысы Абзал қаламына ілінгенде алуан түрлі ию-қиюлар бадырайып көзге басылып, жыр шындығына айналып, буынға түседі. Саналы адамды сарсаңға салатын мәңгілік сұрақтардың шынайы шешімдері бұлталақсыз айтылғанда, абыржымасқа әддің қалмайды. Ақындық шеберлікпен жаратылған нағыз поэзиясының құдіреті осы шығар.

Ақиқатты айту деген бір ұғым бар. Ақыннан оқырманның күтер ақиқаты жүректі шым еткізсе ғана ақиқат. Абзал өз басындағы қам-шерді айтқан болып отырып, өз ішіндегі ой арпалысын нәзік иірім-қайырымдармен бейнелеу арқылы өзімізден өзіміз жасыруға тырысатын ішкі қаяуларды тап басады. Шыншыл қаламының құдіреті осында.

Төзім атты мұрамды,
Төрде ұстаған төстеймін,
Құдай кешер күнәмді,
Өзіме-өзім кешпеймін.
Раббың да құп көрмес,
Рақымы түскенмен.
Білмей күнә істелмес,
Бәрі біліп істелген.

Мұндай аяусыз ақиқаттарды өлеңмен өрнектеу үшін ақынның жүрегі таза, иманы кәміл, таразысы таза болу керек. Өз басым А.Бөкеннің шынайылығына әбден тәнтімін. Кесіп айту үнемі өсіп айту емес, көкейіңдегіні тесіп айту.

Абзалдың тынысын танытып, нақышын айғақтайтын қолтаңбасын оқырман аңғару үшін осы «Тәж» деген кітапты толық көшіріп беруім керек. Өйткені, осындағы толғаулар, балладалар, поэмалардың әрқайсысы бір-бір жарау кітаптың жүгін арқалап тұрғаны күмәнсіз. Бұған дейін «Жүрек толқындары», «Ғасыр қанатында», «Сүмбіле», «Төр», «Шың» секілді үлкен-кішілі кітаптары арқылы өлең өлкесіне бойлай еніп, өнерін орнықтырған А.Бөкен осы «Тәж» арқылы бүкіл ақындық болмысын танытып, бауырын жазған. Құлашын кеңге сілтеген. Ойлар да күрделі, шеберлік те шыңдаулы. Шын ақын күндердің күнінде осылай бір көсіліп шауып, олжа салса керек еді. Құтты болсын!

Біздің бір аңғарғанымыз, әрбір кәнігі ақынның тым жиірек қолданатын бәсіре сөзі болады. Абзал Бөкен үшін осындай сөз «ТӨР» екен. Төрді қастерлеген қазақ болған соң ба, ақын осы төр сөзіне қайырылып соғып, арқа сүйей бергенін байқадым. Несі бар, ақын боп туып, туған руханиятының төрінен орын дәметпесең, сыбағалы сыйыңды іздемесең, өзіңнің де кембақтығың шығар.

Жауһар жырларымен ұлт поэзиясының төріне өрлеген А.Бөкен сол биік орынға лайық деп кепілдік берер едік.

Төрің құтты болсын, абзал дос, Абзал аға!

Жүрсін Ерман.