АймақҚарағанды

«Шығын» ауданда тұрамыз…

Сауатсыз көше атауларынан шаршадық. Тілімізді бұрап, оларды орысша атауды да қойған жоқпыз. «Уақыттың еншісіндегі іс қой, жөнделер» деген оймен жүр едік. Кейінде «Степной» шағын ауданына қарасты көшелердің атауын жаңартты. Ағылшынша, орысша қатырсақ та, қазақшамызды бір жөнге келтіре алмай қойдық. Бұрын «шағын» ауданда тұратынбыз. Қазір «шығын» ауданға айналды.

 

Елімізде жарнама және көрнекi ақпараттардың қазақ тiлiнде рәсiмделуі көзделіп, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу сапасын арттыруға ерекше мән берiлген. Мемлекеттiк тiлдің құқығын қорғайтын «Тiл туралы» Заң да бар. Солай бола тұра біздің «Степной-2-дегі» тақтайшалар әлі күнге «шағынды» «шығын» деп тұр. Күнде өтіп бара жатқанда көзімізге шалынатын қатені көріп, еңсеміз түседі. Арнайы шығып, қателерді тізе берсек, тағы да біразын анықтайтынымыз анық.

Жарнаманы орнатқан мердігерді қойшы, «қалалық әкімдікте немесе Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде мемлекеттік тілді білетін адам қалмаған ба?» деп ойлайсың еріксіз. Әлде олар мемлекеттік тіл мәртебесінің деңгейін түсіретін көрнекі ақпараттың жайкүйіне немқұрайды қарай ма? Негізі белгілі атаулар көшелеріміздің көркін келтіріп, тарихи-мәдени танымдық тәрбие беруі тиіс. Сонда бір әріпті дұрыс жазу қиын болды ма? Болмаса, «а-ның» «ы-дан» шығыны көп пе екен?!

А.ӘДІЛЕТҚЫЗЫ,

«Степной-2» шағын ауданының тұрғыны.

Басқа материалдар

Back to top button