Қарқаралы

Қарқаралыдағы Ахмет мектебінде Сәдуақас Өскенбайұлы атындағы кабинет ашылды

Қарқаралы – ұлылардың табаны тиген қасиетті мекен. Өткен ғасырдың басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да Қарқаралы ауданына келіп, Ақтерек ауылындағы мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Бүгін Ахмет есімімен аталатын мектепте қадірлі ұстаз Сәдуақас Өскенбайұлы атындағы кабинет ашылды. 
Фото: аудан әкімінің Facebook парақшасынан алынды
Ақтерек ауылындағы айтулы оқиғаға елдің игі жақсылары жиылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте еңбек және соғыс ардагері, қадірлі ұстаз Сәдуақас Өскенбайұлы атындағы заман талабына сай кабинет ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» Рымбала Омарбекова арнайы келіп қатысты. Сонымен қоса, ҚР Білім беру ісінің үздігі, сол мектепті 37 жыл басқарған Бәкен Бақтияров және Сәдуақас Өскенбайұлының балалары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» Тілек Садуақасов, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Қанат Өскенбаев және мектеп ұстаздары мен оқушылар, ауыл жұрты қатысты.
— Жаңа кабинет барлық оқуға қажетті құралдармен жабдықталған. Интерактивті тақта, жаңа парталар, стол, кітапқа арналған шкаф барлығы жаңартылып, ноутбук, принтер, сканер сыйлыққа берілді.
Тағылымды шарадан әркім өзінше ой түйгені анық. Дегенмен, ең алдымен, бұл ұрпақтар сабақтастығының айқын айғағы екенін аңғардық. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп Абай хакім айтқандай, дәуір өтеді, буын алмасады. Тек бір дүниені ұмытпасқа керек. Ол — «әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпаққа аса көп жүк қалдырып кетеді» деген Алаш арыстарының аманатына адал болу, — дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын. 
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button