Абай облысында «алтын іздеушілер» ұсталды
Абай облысы Жарма ауданындағы «Еділбай» учаскесінде құрамында алтын бар материалды заңсыз өндірумен, өңдеумен, жер қойнауын өз бетінше пайдаланумен, заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелген. Өткізілген іс-шаралар барысында Жаңғызтөбе кентінен 30 шақырым жерде құрамында алтын бар кенді қайта өңдеу бойынша 2 заңсыз цех табылған.
«Өткізілген іс-шаралар барысында Жаңғызтөбе кентінен 30 шақырым жерде құрамында алтын бар кенді қайта өңдеу бойынша 2 заңсыз цех таратылды. 13 “алтын іздеуші” ұсталды, оның 7-уі шетелдік. Іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде құрамында 100 тонна алтын бар кен, сондай-ақ 2 килограмнан астам жарылғыш (аммонит) және улы (сынап) заттар, сондай-ақ өндіруге қажетті жабдықтар табылып, тәркіленді», – делінген хабарламада.

Құрамында алтын бар материалды өндіру және қайта өңдеу бойынша «іздеушілер бригадасын» жинаған, заңсыз цехтың иесі – жергілікті тұрғын қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ретінде ұсталды.
Видеосы «Орталық Қазақстан» газетінің ютуб каналында және инстаграм парақшасында.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ