Жаңалықтар

Екінші мүмкіндік

Екі бүйрек бірдей жұмыс істемей, аппаратқа таңылып қаламын деп кім ойлайды? Мен де ойламадым. Бірақ, солай болды. Бір жарым жыл аптасына үш реттен төрт сағат бойы гемодиализге таңылдым. Әкем болмағанда әлі күнге дейін солай жүруші едім. Әкем екінші өмір сыйлады.

Ата-ана бауыр еті – баласы үшін отқа да, суға да түседі дейді ғой. Қабдолла Қаппаров дәл солай істеді. Зейнет жасына келіп отырса да менің амандығым үшін басын бәйгеге тікті. Мұны өмірімнің соңына дейін өтей алмаспын.

Шынымды айтсам әуелде осы ұсынысты айтқан кезде қарсы болдым. «Үлкен кісі мұндай отаны қалай көтереді?», «Кейін қалпына келуі қалай болады екен?» деп тәуекелге барғым келген жоқ. Бірақ, жақындарым мұндай мүмкіндіктің бәріне бірдей бола бермейтінін айтқан соң, көндім.

Расымен, бұл мүмкіндікті облыстағы 300-ден астам адам Құдайдан тілеп жүр. Шошындыратын статистика. Мәселенің барлығы сәйкес донордың жоқтығында.

Қазақстанда донорлық трансплантация тұралап қалған. Бұл салада даму жоқ. Осыдан оншақты жыл бұрын түрлі оталар жасалып, бұл бағытта ілгерілеу бар сияқты еді. Қазір донор да жоқ, онымен айналыса қоятын дәрігер де жоқ. Сондықтан, Түркия елінің клиникасына барып жасаттым отаны. Біраз қаражат керек болды. «Көп түкірсе – көл» дейді ғой, ағайын-туыс, жора-жолдас, халық болып қажетті соманы жинауға көмектесті. Солайша ақпанның 16-да бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Дәрігерлер сәтті өтті деді. Жалпы, әу баста олар отаның сәтті өтетініне, бүйректің ағзаға сіңісіп кететініне 97% кепілдік берген. Кейін не боларын білмеймін, бірақ, дәл қазір өзімнің де, әкемнің де денсаулығы жақсарып келеді. Тәубе. Наурыздың 10-нан кейін елге қайтатын шығармыз. Амандық болса…

Гемодиализге барған күндерімді ойламайын десең де, ондайды ұмыту мүмкін емес. Оған барып жүргендер өлместің күнін көріп жүргендер. Әр кезінде өліп тірілесің. Қосымша аурулар пайда бола бастайды, депрессияға түсесің. Өмірдің мәні кетеді. Кеудесінде жаны бар дегені болмаса, тірі өлік. Донор күткендер, мүмкіндігі жоқтар жылдар бойы солай жүре береді. Донор табылғанша не дәм-тұзы таусылғанша. Басымнан өткеннен кейін, білгеннен кейін айтып отырмын. Мүрделік трансплантацияны қолға алмай бұл адамдардың азабы бітпейді. Мемлекет көмектеспейді емес, көмектеседі. Диализге қатыстының барлығы тегін. Білсеңіз, бір процедура 37 мың теңге тұрады. Аптасына үш рет, айына 12 рет, жылына 144 рет. Бұл бір жыл емес, бірнеше жылға созылады. Мен барған гемодиализ орталығына келетіндердің барлығын танимын. Тағдырласпыз деуге болатын шығар. Бөтен болсақ та жақынбыз. Ондағы медбикелер мен дәрігерлер отбасымыздың мүшесіне айналды. Жанашырлық пен мейірім төгіліп тұрады олардан. Басыңды тауға да, тасқа да соғып, амалың құрығанда айналаңнан қолдау іздегенде солардан табасың. Ұнжырғаң түскенде көңіліңді аулайды, сырыңды ақтарғың келгенде, тыңдайды, жалпы, олардан психологиялық көмекті көп көрдім. Сол үшін де зор алғыс.

Облыстық клиникалық аурухананың гемодиализ бөлімі меңгерушісі Салтанат Сариеваның көмегі зор болды. Бүйрек трансплантациясы жайлы көп мағлұмат берді. Тәуліктің кез келген уақытында көмек қолын созып, кеңес беріп, қолдау көрсетуден жалыққан емес. «Жұмысына, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын кәсіби шебер кім?» десе, Салтанат Сабырқызы дер едім. Оның барлық науқасқа көңілі бірдей, дертіне шипа тапса екен дейді. Сол үшін де зор алғыс. Облыс көлемінде донор мәселесін көтеріп, шырылдап жүрген жалғыз адам. Алайда, бұл үлкен мінберлерден көтерілмесе, тоң жібімейді.

Ал, маған Алланың көзі түзу екен. Әкем бүйрегін берді, сонымен бірге жаңаша өмір сүруге мүмкіндік берді. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланғым келеді. Өзім сияқты жандарға көмектессем, арманым – сол. Қарағандыда өзім ем алған клиниканың филиалын ашсам деген ниет пайда болды. Сол күнге жететін ғұмыр мен денсаулық бере гөр деп тілеймін енді.

P.S. Негізінде барлық алғыс пен шүкірлік Жаратқанға. Атқан таңды көріп, жақындарыңды құшып, өзіңнің тірі екеніңді сезіну – бақыт. Бірақ, сол бақытты сынақсыз сезінсек қандай жақсы…

Медет ҚАППАРОВ.

Басқа материалдар

Back to top button