Руханият

Өлкетанушыларға – құрмет

Кеше облыстың білім басқармасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Өлкетану» оқулығының авторлары марапатталды.

Ұстаздарға сыйлық үлестіруші – Арқаның атымтай жомарты, облыстық мәслихат депутаты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі – Бекзат Алтынбеков. Белгілі меценат өзінің «Тұлға» сыйлығының білім және ғылым бағыты бойынша арнайы аталымдарын қарағандылық ұстаздар – «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбековаға және облыстың оқу әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Бақытгүл Әбдікероваға табыстады.

– Авторлар «Өлкетануды» жыл бойы жинақтады. Қазіргі таңда оқулықты облыс мектептерінің 5-7 сынып оқушылары ұнатып оқиды. Ата-аналарға да ұнайды. Сыйлықты облыс тұрғындарының атынан ерекше оқулықты шығарған ұстаздарға алғыс деп қабылдаған жөн. Әр кітаптың авторына 500 мың теңгеден беріледі, – деді Бекзат Алтынбеков.

Сыйлықтар үлестірілген салтанатты жиынға облысқа қарасты аудандардағы білім бөлімдерінің басшылары, ұстаздар қауымы қатысты. Кітап авторлары сөз алып, оны жинақтауға атсалысқан мұғалімдерге алғыс айтты.

– Халықаралық көрмеде «Өлкетану» оқулығы үшінші орын алғанын мақтанышпен айтамыз. Жалпы, оқулық жазу барысында жас ұрпаққа жанында жүрген жақсы адамдардың тарихын, мәдениетін, әдебиетін таныстыруды жөн көрдік. Осы мақсатта Қарағандыдағы тарих және география пәнінің мұғалімдерінің атсалысуымен «Өлкетану» оқулығын жазып шығардық. Біз қашанда жас ұрпаққа тәрбие мен білімді қатар беруді дұрыс көреміз. Әсіресе, ұлттық тәрбие беруде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттағанымыз дұрыс. Кітапта рухани құндылығымыз қашан басталды, қалай дамыды дегенге жауап іздедік. Осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз, – деді кітап авторы Нұрсахан Ахметқызы. 

Аяулым СОВЕТ.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button