Жаңалықтар

“Орталықтың” он алты қызы

Марал апайға

Жаны жаз, жүрегі кең – Марал апай,

Жүрісі баяу есер самаладай.

Мақалаң дайын болса, сөзі балдай,

Болмаса, тым қауіпті бал арадай.

Бағдат апайға

Жанының басылмайды бір ыстығы,

Өзінде баршылық қой кіріс түрі.

Өзіменен ұжымға келген тәмсіл:

«Бақыт деген – жүректің тыныштығы».

Айгүл апайға

Жүрегінде тербеліп молдау мұра,

Түйреп өтер сөзімен қолдай тұра.

Келгенін бір байқаймын, кеткенін бір,

Тегінде бір желаяқ болды-ау, сірә.

Қызғалдақ апайға

Әр ісін еппен істер сірә ерінбей,

Жанында сасып қалар дүр ерің кей.

Білегі – бүлдіршіннің шүмегіндей,

Жүрегі – Махамбеттің жүрегіндей.

Қарлығаш апайға

«Жұмыс» деп жанымызды түтіп жүрміз,

Бірде ұтылып, ал бірде ұтып жүрміз.

Жылына бір көрінер Қарлығашты,

Көктем ғой, бой көрсетер, күтіп жүрміз…

Салтанатқа

Салтанатжан, серігің сәнді киім,
Той-жиында көз тартар мәнді биің.
Мынау заман соңыңа ілесе алмай,
Күмбірлетіп келеді зарлы күйін.

Шынарға

Еркін өскен елігі Сарыарқаның,

Мейрам болса, мойныңа жүк артамын.

Әр сөзін айтатұғын байыппенен,

Сексеновтің шәкірті – Шынар ханым.

Жазираға

Жазира – көзі қара, қасы гүл-ақ,

Күлкісі сылдыр-сылдыр назы бұлақ.

Көктем кеп ұйқысынан оянғандай,

Көкке өрлеп кете берер шашы бірақ.

Сағынышқа

Сағыныш – әр сынақты «сый» деп алар,

«Бірлік» деп жан ауыртар, күйге салар.

Дүнияда сенен асқан сұлу бар ма,

Не деген бақытты еді, үйдегі ағам.

Жансаяға

Істері – Пәкістанның пүлішіндей,

Тістері – Қазалының күрішіндей.

Тұрысы – Томиристің тұрысындай,

Жүрісі – Қажымұқанның жүрісіндей.

Аяулымға

Өмірден өте шығар бір елеспіз,

Тегінде аруларсыз дүр емеспіз.

Салмақты көкпаршының жары бүгін,

Кешегі еркетотай, күлегеш қыз.

Айгерімге

Зор іскер, бермейтұғын жолды өсекке,

Тілші екен, икемі бар оңды есепке.

«Ай, керім, Ай, керім» деп мақтап жүрміз,

Айдай жүзін тірідей көрмесек те.

Сымбатқа

Ертең үшін бүгінмен белдесіп кіл,

Ерлеп жүр, пәк махаббат үр несіп-дүр.

Корректор боп, жалықты-ау, көп отырып,

Әскеримен бас қосып, ел кезіп жүр.

Арайлымға

Мінезбен маңайына сарай салған,

Жолында болды-ау сан жыр, талай құрбан.

Ковид жоқ кездедағы қашық жүрем,

Қабағы бұлт құрсанған Арайлымнан.

Гүлнұрға

Сөзі нық, айтады оны бір-ақ рет,

Жазғаны жамағатқа ұнады көп.

Анда-санда ырымға бір күледі,

«Салмақтылық – қыздардың тұмары» деп.

Әсияға

Демеймін іске орынсыз килігеді,

Спортшы және түрлі би біледі.

Көп затта шаруасы жоқ,

Ал, бірақ та

Қате көрсе, қырандай шүйлігеді.

Әріптестермен әзілдескен Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button