Қарбаласқа толы көктем

Әр мезгілдің өз берері бар. Әуресі де қатар жүреді. Қыстың бораны мен аязы әбігерге салса, көктемнің өз «сыйы» бар. «Көктем келді қарбалас басталды» десек те болады. Облыс бойынша су басу қаупі бар 158 елді мекен ерекше бақылауға алынған екен. Төтеншеліктер тас түйін дайынбыз дейді. Ал, сол ауылдардың әкімдері жұмған ауызын ашар емес. Неге?

Әкімдіктер үнсіз отыр

Айтайын дегеніміз, әр ауданның өзінің жеке сайты бар. Бірақ, ол жерден аудандағы ахуалға байланысты ешбір мағлұмат ала алмайсыз. Өйткені онда тек салтанатты жиын мен облыстан немесе Үкіметтен келген басшылардың өткізген жиналысы туралы ғана жазылады. Ал, «қай ауылға топан су қауіп тудырады немесе одан қалай сақтануға болады?» деген сұраққа жауап жоқ. Барлығын «төтеншеліктерге» итере салған. Әлеуметтік желілерде де бұл жағдай айтылмайды. Неге?

Жақында, өңірдегі су тасқыны жағдайын тікелей эфирде «ARQA live» бағдарламасында облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин мен ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов баяндады.
– Соңғы бірнеше жылдағы су тасқыны кезеңдерінің өтуін ескере отырып, біздің облыс тәуекел деңгейі жоғары аймақтарға жататынына көз жеткіздік. Облыс әкімінің өкімімен облыстық су тасқынына қарсы штабтың құрамы мен іс-шаралар жоспары бекітілді, онда дайындық кезеңінде және су тасқынының өтуі кезінде ТЖ алдын алу бойынша қалалар мен аудандар әкімдіктерінің негізгі іс-шаралары қамтылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин. Осыған қарап, айтылар ой ғой біздікі. Қорытындысын жасар аудан мен ауыл әкімдері болса керек.
– Жалпы, су тасқынына дайындық туралы айтатын болсақ, 2015-2021 жылдар аралығында Жол картасы мен облыстық инженерлік-құқықтық жоспары аясында облыста 253 шақырым қорғаныс бөгеттері мен қорғандар салынып, нығайтылды. 102 шақырым өзен арнасын нығайту, тереңдету, түзету және кеңейту жұмыстары жүргізілді, – деді Вадим Басин.

158 елді мекен ерекше бақылауға алынды

Қай өзеннің арнасы нығайтылды, терендетілді, қазылды сол туралы әкімдіктер мағлұмат берсе екен деп те қиялдайсын. Бірақ… Сол «төтеншеліктер» айтқан дайындық жұмысы туралы ғана сөз болады. Оның өзінде облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінің сайтынан ғана біліп отырасыз…
– Қазіргі уақытта Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті, басқа да уәкілетті органдар су басу қаупі бар барлық өңірде айналма жол салып жатыр. Айналма жол кезінде өңірлерде су басу қаупі бар әрбір елді мекеннің төлқұжаттарының бар-жоғы, су өткізгіш құбырларды, каналдарды, арықтар мен траншеяларды тазалау сапасы тексеріледі, – деді Мұрат Қатпанов.
Білгеніміз, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, азаматтық қорғау қызметтері су тасқыны кезеңіне дайын. Ол үшін техника мен адам ресурстары жеткілікті екен.
Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық 2021 жылдың жазында басталды.

Облыс бойынша барлығы 174 практикалық іс-шара жоспарланған. Қорғау біліктерін нығайту, қар шығару, арықтарды, су өткізу құрылғыларын тазалау және тағы да басқа жұмыстар жүргізілді. Облыста су басуы мүмкін және су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Қазір су басу қауіпі бар өңірлерді аралау жүргізілуде. Барлық гидроқұрылыстар ерекше бақылауда.

Алдын алу және жою жұмыстарын жүргізу үшін 8000-нан астам адам, 2400-ден астам техника дайындалды, дейді Мұрат Қатпанов.

Су тасқынына не себеп?

Ал, су тасқынына не себеп? Осыған тоқтала кетсек. Сонымен су тасқынына себеп бір фактор – үй құрылысы кезінде жергілікті гидрология жағдайының ерекшеліктерін, су қорғау белдеулері мен аумақтарының ескерілмеуі, сондай-ақ халықтың өз үйлерінің және ауласындағы учаскелердің жағдайына жауапсыздықпен қарауынан да болып тұратыны анық. Өзен-көлдердің, ауыл ішіндегі суағар жыралардың уақытылы тазаланбауының салдары елді мекендерге залалын тигізетініне көз жеткіземіз. Ал, тоғандар болса жекеменшікке өтіп кеткен, иелері тек жазды күні жағалауды жалға беріп, ақша табуды ғана көздейді.

Су кодексінің 124-бабына сәйкес су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елді мекендерді, өнеркәсіп объектілерін, ауыл шаруашылығы жерлерін, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерінен қорғау жөніндегі алдын алу іс-шаралары мен ағымдағы іс-шараларды жоспарлауға және жүргізуге міндетті, – деген болатын Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Барат Оспанұлы бір сөзінде. Иә, көктемгі су басу қаупіне атүсті қарамауымыз керек. Ол үшін сақтық керек. Ол туралы да айта кетсек.

«Сақтансаң – сақтаймын»

Табиғаттың тосын «сыйына» әрқашан дайын болған жөн. Мысалы, топан су қауіп тудырса не істеуіміз керек? Бұл туралы «төтеншеліктердің» айтқанына құлақ түреміз. «Су тасқыны туралы ескерту кезіндегі тұрғындардың іс-әрекеттері: суды, газды, электр қуатын өшіру, пештегі оты сөндіру керек.Терезе мен есікті жабыңыз, қажет болған жағдайда бірінші қабаттардың терезесі мен есіктерін тақтаймен немесе фанермен жауып тастаңыз.
Эвакуацияны бастау туралы сигнал алғаннан кейін тез арада жиналу керек. Негізгі алынатын заттар – құжат, дәрі-дәрмек, маусымға сәйкес киім мен аяқ киім жиынтығы. Сонымен қатар, бірнеше күнге жететін азық-түлікпен қамтамасыз етілу тиіс», – дейді Мұрат Қатпанов.

Иә, қарбалас енді басталады, «төтеншеліктер» оған дайынбыз дейді. Аудан, ауыл әкімдері де қарап отырмаса болды. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар емес пе?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.