Денсаулық

Туберкулез тез анықталады

Облыста 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аясында туберкулездің алдын алу бойынша айлық өтіп жатыр. Биылғы шара «Туберкулезбен күреске үлес қосатын кез келді» ұранымен ұйымдастырылуда.

Айлық аясында бұл аурудың негізгі белгілері, анықтау әдісі, жалпы профилактикасы туралы ақпараттандыру қолға алынған. Сауда үйлері мен базарлардың маңында жылжымалы флюорографиялық кешендер жұмыс істеп тұр. Кез келген адам барып флюорографиядан өтіп, нәтижесін алады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің маманы Анар Әміралиеваның айтуынша, өткен жылы 2020 жылмен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 0,9%-ға төмендеген.

2020 жылы 477 жағдай тіркелсе, өткен жылы 450 адам ауырды. Сырқаттану көрсеткіші төмендегенімен, жағдай тұрақты деуге келмейді. 2021 жылы туберкулезден 40-тан астам адам көз жұмды. Туберкулезбен барлық жастағы кез келген адам ауыруы мүмкін. Бірақ, ең қауіптісі бір жасқа дейінгі балалардың ауыруы. Егер бала екпе алмаған болса, қауіп артады. Бүгінгі таңда жаңа туған балаларға екпе салдырудан бас тартатындар көбейді. Неліктен екенін білмеймін, бірақ, көптеген аналар екпе салдыртуға рұқсат бермейді. Бұл екпе өмірінде екі-ақ рет салынады: туғаннан кейін 3 күннен соң және 6 жасында. БЦЖ алмаған балалар ауырса, ауру асқынған түрде өтеді, – деп ескертеді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, адам бойынша туберкулездің бар-жоғын екі сағатта анықтауға болады.

Өкпедегі қандай да бір өзгеріс болса, оны анықтайтын жаңа әдістеме бар. Науқас қақырығы арқылы ағзада туберкулез бар ма, жоқ па, анықтап береді. Екіншіден, сол арқылы дәрілерге төзімділігін де нықтауға болады. Яғни, қазір бір күнде диагноз қойып, бірден ем бастап кете аламыз, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының клиникалық-диагностикалық бөлім меңгерушісі Гаухар Түсіпбекова.

Түнгі тершеңдік, салмақ жоғалту, ұзаққа созылған жөтел, 37,0 – 37,5 градус шамасындағы температураның сақталуы – туберкулездің белгілері.

Егер осындай белгілер байқалған жағдайда бірден дәрігерге қаралу керек. Пневмония немесе короновирус деп уақыт өткізіп алмау қажет, – деді Г.Түсіпбекова.

Жансая ОМАРБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button