Жаңалықтар

Тарихты таразылаған

Қашанда ұстаздық жол жеңіл емес. Соған қарамастан осындай мамандықты, осындай игілікті істің иесі болуды қалаған жандар аз емес. Қарағанды қаласындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің жоғары санатты мұғалімі Сергей Манахбай тарихшы болған соң да шығар, өткен өмірге, өзінің жүріп өткен жолына үнемі көз тастап отыруды әдетке айналдырған. Иә, бұл сонау 1991 жыл болатын. Бір кезде тағдырдың желі айдап апарған Моңғол елінде тұрып жатқан қазақтар арасынан елім деп көтерілген, үдере көшіп, ат басын ата қонысқа тіреген елдің ортасында Манахбай Тәтікен мен Ханша Тыхайдың отбасы да бар еді. Әуелде олардың қайда барарын білмей, қалай қисайтса, сол жаққа қарай еңкейіп, ертіп келген азаматтың соңынан жүре бергені рас. Олар Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына келіп тұрақтаған. Баурайы бұлақ, қойнауы құрақ, тұрған жұртқа құт болған Балқантау өңіріне келгенде айналадағы табиғат ананың еміреніп тұрғанын байқап, шынымен де көңілдері бір көтеріліп қалып еді. Шынында да бұл жер құтты қоныс, жайлы өріс болды. Жергілікті жұрт алыстан аңсап келген бауырларын «ағайынымыз келді» деп жылы қарсы алды, еруліктерін беріп, алдарына мал салды.

Негізгі мамандығы мал дәрігері болғандықтан, әулет басшысының өзі Манахбай аға ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткенді жөн санады. Қызметке қол созбай-ақ, шопанның ақ таяғын ұстағанды дұрыс деп тапқан. Содан зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. «Әр елдің салты әр басқа» дегенді жиі айтады атам қазақ. Бұл кісілер де екі елде өмір сүріп, екі елдің әдет-ғұрпын бойларына сіңірген. Көшіп келісімен онша алшақтығы болмаса да, Кеңес өкіметіндегі қазақтардың салт-дәстүріне ыңғайланды.

Сөйтіп, Баян Өлгей аймағындағы орта мектепті үздік бітірген ұлы Сергей Улан Батордағы мемлекеттік университетті бітіріп, жалпы тарих маманы болып шыққан. Жоғары білімі болса да, Сергей әкесінің көмекшісі болды. Өйткені басқа елдің білімімен әлі беймәлім елде қызмет істеп, мұғалім болуға жүрегі дауаламаған. Жергілікті жерге бейімделу қажет болды. Дегенмен, өз елі, өлең төсегіне келген соң, баласының өз мамандығы бойынша еңбек етуі керек еді. Сондықтан да, әкесі баласының Қазақстанның білімін алуына кеңес берген. Әкесінің ақылымен, өзінің қалауымен Сергей Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол 1996 жылы Қарағанды қаласындағы №68 орта мектепке мұғалім болып орналасып, ұстаздық жолын бастады. Көп ұзамай өзі сияқты оралман Күләнда Муталханмен бас қосып, отау құрды.

Баласы қалаға қоныстанған соң, әке-шешесі де осылай қарай ойысқан. Қазір осы Қарағанды қаласында тұрады. Бұрын тарих, кейіннен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерген Сергей 2004 жылы №36 орта мектепке ауысып, сонда қазақ тілі мен әдебиетінен, Қазақстан тарихынан, Жалпы тарихтан және Адам.Қоғам.Құқық пәндерінен сабақ беріп келеді.

Жасынан білімге құмар, алғыр болып өскен Сергей әрқашан оқуда үздік, қоғамдық жұмыстың белсендісі болды. Ол сонымен қоса ізденімпаз, көп оқығанды, көп білгенді ұнатады. Бұл – мұғалім үшін ең қажет, ең басты қасиет. Шәкіртінің қандай да болмасын сұрағына жауап бере алмай қалса, өліммен тең ғой.

Егер ұстаздық еңбегінің нәтижелері туралы айтар болсақ, ауыз толтырарлық істері жетерлік. Тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімінің біліктілігі жоғары. Ол өзін ұжым арасында білімділігімен, шығармашылық ізденістерімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, көздеген мақсатына жету жолындағы жетістіктерімен көрсете білді. Осы сөзімізге дәлел ретінде мектеп әкімшілігінің берген мінездемесіндегі: «Пәнаралық ықпалдасудың қазіргі оқыту үдерісіндегі толық, жартылай және блоктық болып келетін үш түрін де қолданып, салалас пәндер мазмұнындағы оқу материалдарының бір курс төңірегінде топтасуын толық қамтамасыз етеді. Оқу материалдарын бір тақырып аясында ең өзекті мәселелер ретінде тоқталып отырады. Сыныптарда рухани-адамгершілік тұрғыда берілетін тәрбие мен білім мазмұнын байытатын, руханиятымыздың өзегін құрайтын ауыз әдебиетінің үлгілерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, мақал мәтелдерді, жұмбақтарды, жаңылтпаштарды, ертегілер мен аңыздарды, эпостық жырларды, айтыс өнері мен шешендік сөздерді үлгі ретінде мысалға келтіріп, үнемі пайдаланып, сабақ мазмұнын байытып отырады», – деген жолдарды келтіруге болады.

Бұл мінездемеде сонымен бірге ұстаздың республикалық бірнеше әдістемелік журналда мақалаларының, әдістемелік жасалымдарының, ашық сабақтарының жарық көргенін жазған екен.

Ғылыми-әдістемелік жұмысының нәтижесінде жарық көрген өлкетану бағытындағы бесінші сыныпқа арналған жұмыс дәптерін, әдістемелік құралдар мен бағдарламаларды, қазақстандық құқықтық оқытудың факультативтік бағдарламасын, өзі құрастырған «Қарағанды қаласының тарихы» электрондық оқулығын атап өтуге тұрарлық. Сонымен қоса «Ә.Бөкейхан – Алаш қозғалысының негізін қалаушы қоғам қайраткері» тақырыбында өткен қалалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, жүлделі орындар иеленген. «Қарағанды Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасаған.

Мұғалім бір күнмен ғана өмір сүрмейді, ол болашаққа көз тігеді. Алдағы күнде қандай биіктерге жетсем, қандай асулар алсам деп армандайды. Сергейдің де арман-мақсаттары көп. Сол мақсатына жете беруге тілектестік білдіреміз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button