Руханият

Көрмедегі күз көрінісі

Облыстық бейнелеу өнері музейінде кезекті көрме көпшілік назарына ұсынылды. Арқа жұртшылығы күз мезгілін бейнелеген белгілі қарағандылық суретшілердің 30-ға жуық туындысын тамашалады.

Ғимаратқа кіреберісте ілінген белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің «Саябақ» туындысы ерекше көзге түседі. Автор шығармасында күз мезгілінің басталған шағындағы саябақтың көрінісін бейнелепті.

Суреттің алдыңғы бөлігіндегі ағаш жапырақтары жасыл түсті болса, екінші бөлігін қызғылт сары түске бояуды дұрыс көрген сыңайлы. Сары түске боялған суреттің артқы бөлігіндегі жапырақтар күн нұрымен шағылысып, бейнеге жан бітіріп тұрғандай.

«Қарағанды періштелері» деп аталатын суретші Лидия Дроздованың шығармасы да көрермен назарын өзіне аудармай қоймады. Автор қаланың көркем ғимараттарын бір жерге тоғыстырып, аспанға сұр бұлтты үйірген. Бұл – кешкі уақыт деп топшыладық. Ұйқыға кеткен қала тыныштығын көктен түскен қанатты періштелер күзетіп тұрғандай. Суреттің алдыңғы бөлігінде қанатты үш періште бейнеленген. Оның екеуі қалаға, бірі көрерменге бұрылып қарап тұр. Бәлкім, оның да айтары бар шығар…

Көрмені тамашалап жүріп, белгілі суретші Евгений Умысковтың 1987 жылы салған «Ақ алтын» аталатын туындысына назар аудардық. Автор бұл суретінде мақта жинау науқанын суреттеген. Шаруаны істеп жүрген – орта жастағы әйелдер. Нәзік жандылардың мақтаны жинап қана қоймай, тасып жатқаны да суретте анық бейнеленген.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button