Руханият

Қазақ тілінің жаңа белесі

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі баршамызды мазалауы заңдылық. Әр адамның өз ой-пікірі бар. Қоғамда осы тақырыпқа байланысты пікір екіге айырылды.

Бүгінде бұл өзгерістің заманның талабына сай қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында жасалып жатқан үлкен жұмыс екеніне көзіміз жетті. Рухани жаңғырудың басы қазақ әліпбиін жаңа белеске көтеруден басталатынын ұғындық. Рухани жаңғыру сөзінің мәніне тереңірек үңілсек, ар жағында төл мұрамызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту тұрғанын түсінеміз. Яғни,

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты» деп Міржақып жырлағандай, ұлттық сананы жаңғырту, ояту, құлдық санадан арылу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба. Демек, тіліміздің, дініміздің, діліміздің мәртебесін арттыру, жаңғырту.

Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан жылға өсіп-өркендеп келеді. Осындай өрісті кезеңде латын әліпбиіне көшсек, қиындықтар туындамайтынына кәміл сенемін. Қазір бастауыш сыныптан бастап, балалар ағылшын тілін үйренуде. Сол себепті, латын әліпбиіне көшсек, балаларға оны меңгеру өте оңай болар еді. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде латын әліпбиімен жазатын жастар да көбеюде. Бұл – қуантарлық жағдай.

Қазақ әріптері латын әліпбиімен жазыла бастаса, ел оны жаңаша қабылдайды. Сол арқылы қазақ тілін білмеген азаматтар тілге бет бұрады деп ойлаймын.

Кітапхана меңгерушісі ретінде, латын әліпбиі қазақ тілін жаңа белеске шығарады деп есептеймін. Себебі, барлық кітапты жаңадан шығару керек болады. Бүгінгідей бірекі мыңдап емес, он, жүз мыңдап, бүкіл кітапханалар мен мектептерге жеткілікті тиражбен шығарылады. Көп жылдар бойы шықпай қалған қаншама әдебиет, тарихи кітаптар жаңарып, рухани айналымға түсуі, қайтадан оқыла бастауы жастарымыздың жан-дүниесін байытуға үлкен ықпал тигізеді. Әлемге танымал тұлғалардың мықты шығармалары өте көп. Бұл дүниелермен біздің жастарымыз міндетті түрде сусындауы керек.

Әсел ТЕЗЕКБАЕВА,

№1 балаларға қызмет көрсету кітапхана-филиалының меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button