Жаңалықтар

Еңбегі еленген энергетик

Дүние миллиардтаған бөлшектерден тұратын алып мозаика іспетті. Оны хакім Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп сипаттайды. Ал, сол алып мозаикадан өзіне тиесілі кетігі мен тетігін әркім таба ала ма? Гәп сонда! Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы, Ақтоғайдың дүниеден өз кетігін тауып қаланған кесек кірпіші, мерейлі 70 жасқа толып отырған Әуелбек ҚАПАСОВ жайлы болмақ.

Әукеңнің мамандығы энергетик. Бұл – көшпелі ғұмыр кешіп, төрт түлігін төлежітіп, жан баққан қазақ үшін соны кәсіп. Қазақ даласында «Ильич» шамы өткен ғасырдың орта шеніне таман пайда болғанымен, алыс ауылдарға көп кешеуілдеп жеткен. «Ильич» жарығына ере ауылға «энергетик», «моторист», «электрик» деген түсінік пен мамандықтар да ілесе келген. Әуелбек Қапасов – Ақтоғай ауданының алғашқы энергетиктерінің бірі, һәм бірегейі. Әукеңнің қырық жылдан астам, осы саладағы қалған қолының таңбасы, табанының айшықты ізі сайрап жатыр. Ақтоғайдың энергетикасына бірден-бір тер төгіп, еңбек сіңірген, кәсіби білігі жоғары маман бар болса, ол да сөз жоқ, ұзақ уақыт Ақтоғай аймақтық электр торабын басқарған – осы Әукең.

Ақтоғай аймақтық электр торабы секілді 60-70 адамдық үлкен ұжымға басшылық жасау оңай шаруа емес. Әр адамның тамырын тап басып, ебі мен тілін тауып жұмыс істеу үшін асқан шыдам мен табандылық, кәсіби біліктілікпен қоса өре керек.

Әукең Ақтоғай ауданына қарасты, Сарытерек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Аға-әпкесі, іні-қарындасы бар, бас-аяғы он үш ағайынды. Әкесі Қапас, анасы Муниза колхоз, кеңшар құруға әр салада жұмыс жасап, елдің алғыс-абыройын арқалаған қарапайым еңбек адамдары. Әукең мектеп табалдырығын Айыртас ауылында аттаған. Оның өзіндік себебі бар. Елуінші жылдары кеңес үкіметі тың жерлерді игеру туралы бастама көтергені баршаға аян. Міне, сол науқан кезінде көппен көшке ілесіп Қапекең де алыстағы Айыртас жерін игерушілердің қатарында «отгонға» қоныс аударған. Әукең сол Айыртас ауылының бастауыш сыныбына барып, Есенбай, Қабыл, Амантай сынды есімдері елге аңыз, байырғы ұстаздардың алдын көріп, білім алған. Оқушылардың дені малшының баласы болғандықтан, интернатта жатып оқыған. Бұл шамамен соғыстан кейінгі жылдар. Әлбетте, ол, соғыстан соң ел еңсесін енді көтеріп, есін енді жия бастаған шақ. Жарық жоқ. Майшамға қараған қиын кез. Соған қарамастан Үкімет интернат оқушыларын тегін киім, тегін тамақпен қамтамасыз етіп, балалардың алаңсыз білім мен тәрбие алуына барлық жағдайды жасаған. Бастауыш сыныпты Айыртаста тәмамдаған Әукең, оқуын Ақтоғайда жалғастырып, он жылдықты Сарытерек ауылында аяқтапты. Кеңес тұсында оқушы балалар мектеп қабырғасында жүріп, жаз айларында еңбекке араласқанын бүгінде елдің бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Әукең де өз тұстастары секілді еңбекке ерте араласқан. 1969 жылы мектеп бітірген Әукең Балқаш қаласындағы энергетика училищесіне оқуға қабылданады. 1973 жылы ауылға оралып, аталмыш саладағы алғашқы еңбек жолын бастайды. 1977 жылы Балқаш электр жүйесі кәсіпорынының Ақтоғай бөлімшесіне автомат жөндейтін маман ретінде жұмысқа шақырылады.

– Сол 1977 жылы Ақтоғайда жаппай электрлендіру жұмысы қолға алынды. Әр ауыл, әр қыстаққа электр желілері тартылады. Бұл бір-екі жылға жоспарланған жоба емес. Бұл ұзақ мерзімге созылған, инемен құдық қазғандай, ұзындығы 3-4 мың шақырымды қамтыған жауапкершілігі жоғары, ауқымды жұмыс болатын. Жұмысшылар апталап, айлап үй қарасын көрмей, дала кезіп, түзде түнеп еңбек етті. Мекеме ұжымында 63 адам жұмыс істеді. Жоғарыда айтылған жұмысты атқаруда сол 63 адамның еңбек үлесі орасан. Қырық жыл еңбек еткен уақыт аралығында түсінгенім, елдің алғысынан асқан марапат жоқ екен. Жарық тартылған әр қыстақ, әр елді мекен тұрғындарының қуаныш пен шаттыққа толы жүзін көрудің өзі біз үшін бір ғанибет болатын, – дейді Әукең.

Аталған істердің басы-қасында, жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалап, әлбетте бастан-аяқ Әукең жүрген. Бұл туралы сол тұста «Жезказганская правда» газетінде Е.Семёнов «Ақтоғай ауданына қарасты электр торабы облысымыздың Приозёрск, Ақтоғай аудандарының ондаған бөлімшелер мен қыстауларына 2500 шақырым электр желісі тартып, 466 трансформатор орнатты. Мехнаты мен машақаты көп жұмысты қатардағы ұжым мүшелері мен АРЭС (Ақтоғай аймақтық электр торабы) бас инженері Әуелбек Қапасов абыроймен атқарып, өздеріне жүктелген міндетті сәтті атқарып шықты…» деп жазыпты.

Әукең Ресейдің атақты Иванова қаласына барып, Энергетика министрлігіне тікелей қарайтын оқу орнын тәмамдап, күрделі мамандықтың қыр-сырына қанығып, «энергетик» деген күректей дипломды қолға алып, жолдамамен өзінің туып-өскен ауылына оралады. Елге оралған бетте Ақтоғай аймақтық электр торабының бас инженері болып еңбек жолын одан әрі жалғастырған. Ақтоғай аймақтық электр торабына, Ақтоғай ауданымен қатар, Приозёрный кейінгі Тоқырауын ауданының аумағы қараған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, кеңес кезіндегі біртұтас сала, өндіруші, таратушы, жабықтаушы болып тұтынушыға жеке-жеке қызмет түрін көрсетуге көшіп, тігісінен сөгілген. Ақтоғай аймақтық электр торабына Шет ауданы қосылып, кәсіпорынның қызмет көрсету аясы арта түскен. Әукеңнің ықпалымен иесіздікке ұшыраған Шет аймақтық электр торабының құжаттары қалпына келтіріліп, ісі алға басты. Шет аудандық аурухана электр торабынан дербес, тікелей электр қуатын алуға қол жеткізді. Өкінішке орай, Ақтоғай аудандық аурухана бірлестігі мұндай артықшылыққа әлі күнге дейін қолын жеткізе алмай отыр.

Әукеңнің жұбайы Айтбала 1975 жылы Балқаш қаласының медицина училищесін фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, Сарытерек ауылдық ауруханасында еңбек жолын бастаған. Сол Сарытеректе отбасын құрып, Әукеңнің жұмыс бабымен Ақтоғайға ауысып, ұзақ жыл аудандық ауруханада жемісті еңбек етті. Бүгінде Қапасовтар әулеті тамырын тереңге жайған саялы, алып бәйтерек секілді, өскен, өнген әулет. Бала-шағадан тараған немерелері ата-әжесінің етегіне оралып, алданышына айналып отыр. Қауіп пен қатерге толы мамандық иелерімен тіл табысып, қалауын тауып жұмыс жасаудың өзі кәсіби біліктілік пен табандылықты талап етеді. Әукең ол сыннан сүрінбей өтіп, құрмет пен абырой арқалап бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Біреудің ығына жығылып, жағыну, күні үшін күнбағысша құбылу Әукеңнің болмысына жат. Әукең тура айтып, туғанына жақпай қалатын жандардың сойынан. Әукең 2015 жылы зейнеткерлікке шықты. Алайда, зейнеткерлікте жүріп, 2021 жылға дейін еңбектен қол үзбей, Ақтоғай аймақтық электр торабын басқарды. Бұдан Әукеңнің жоғары сұранысқа ие маман екенін аңғарамыз.

Әукең зейнеткермін деп шалқасынан түсіп жататын жан емес. Әлі де ауыл-ауылдан ел қоңырау шалып, жарыққа қатысты мәселелерін айтып, ақыл-кеңесіне жүгініп жатады. Әукең ондай сәттерде жөнін айтып, әркез қол ұшын созудан жаңылған емес. Бас қосқан жиын-отырыстарда үнемі ауылдың, ауданның әлеуметтік мәселелерін көтеріп, қоғамдық ойын ашық білдіріп жүреді.

Кеңес тұсындағы алған марапаттарын былай қойғанда, Әукеңнің кейінгі Қарағанды облысын басқарған 5 әкімнің қолынан алған Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарының өзі бір төбе. Әуелбек Қапасовтың омырауында бүгінде әр түрлі мерекелік медальдар мен «Ардагер энергетик», «Қазақстанның Құрметті энергетигі» секілді төсбелгілері жарқырайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, дүние деген алып мозаикадан, әркім өз орнын әр түрлі жолмен табады. Бірі ақыл-парасатымен, бірі талант-талабымен, бірі елге сіңірген еселі еңбегімен есіктен төрге озады. Ақтоғай ауданының ардагер энергетигі, өмірдің 70 белесін артқа тастаған Әуелбек Қапасов ағамыз елге еңбегімен еленіп, құрметке бөленген жандардың бірі.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button