Коронавирус

Сақтансаңшы…

Бұл не тажал?
Мәнін ешкім білмеді,
Адамзаттың үрейін ап тұр демі.
Аспан астын астан-кестен қылам деп,
Індет келді тіміскілеп іргені.

Дәмеленбе болады деп бәрі ұмыт,
Арпалысар тағы да үрей, тағы үміт.
Жұмыр жердің жүрегінде шаншу бар,
Дүниенің тұр өкпесі қабынып.

Дәрмен қайтып, дір-дір етсе тіршілік,
Адам байғұс – жел шайқаған тұл шыбық.
…Аурухана төсегінде көз жұмды
Бір танысым ауа жетпей тұншығып.

Арпалысты өзін-өзі жұлып-жеп,
(Дәл осындай болып па еді бұрын кеп?)
Бір досымның жатысы анау, дәрмен жоқ
Қол-аяғы дірілдеп…

Шындық осы,
Көңіл бөліп, сене көр:
Не деп кетті қайырлаған кемелер,
Кебін кимей көрстанға кеткендер,
Мәйітханаға тоғытылған денелер?!

Тірілердің жанын қайғы-от қарып,
Кеше осындай бір топалаң өтті анық.
Тыншып еді, тағы да той-домалақ,
Тағы, қазақ, шыға келдің топталып.

Алда емес пе той-домалақ, думан көп,
Сақтансаңшы, сол індет қой тұрған кеп.
Сізде – қызық, ал көрші үйдегі жесірдің
Көз жасы мен жоқтау жыры тынған жоқ.

Сақтансаңшы, келер қауіп бар әлі,
Тажал вирус құрсаулап тұр даланы.
…Сиренасы тыныш түнді тілгілеп
Жедел жәрдем жан ұшырып барады.

Бұл не тажал?
Мәнін ешкім білмеді,
Адамзаттың үрейін ап тұр демі.
Аспан астын астан-кестең қылам деп,
Індет келді тіміскілеп іргені.
Сақтан, қазақ!

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button