Коронавирус

ВАКЦИНА пандемиядан пана ма?

Дәл қазіргі күні әлемде 67 миллион адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Әлемге әмірін жүргізіп тұрған вирустан құтқаратын дәріні ғалам болып жабылып іздеп жатыр. Оны тапты да. Өткен аптада әлемнің бірқатар елдері, оның ішінде Қазақстан да осы айдан бастап вакциналауға әзір екендігін мәлімдеді. Вакцина әуелі жаппай емес, вирус жұқтыру қатері жоғары деген адамдар тобына егіледі. Миллиардтаған адамдардың өмірін сақтап қалуға үміт сыйлаған вакцина қандай және бастысы – кімдікі?

Әр дерттің дауасы бары анық. Коронавирус індетінің дауасын ғалымдар пандемия басталған бетте іздеп кеткен. Енді, міне бір жылға толар-толмас уақытта барлығынан құтқаратын вакцина ойлап тапты. Тәртібінде бірнеше жылға созылатын зерттеу, клиникалық сынақтар осынша қысқа мерзім ішінде бітті. Жаһан алпауыттары жанталасты. Мұның артында адамзатты құтқару талпынысы ғана емес, әлемге билік жүргізуге күрес жатыр. «Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді» дегендей, қазіргі уақытта вакцина кімде болса, әлемге билікті сол жүргізбек.

COVID-19-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА ҚАЛАЙ ӘЗІРЛЕНЕДІ?

Вакцина әдетте ауру туғызатын вирус не бактерияны қайталау арқылы пайда болады. Яғни, вирус пен бактерияның аз дозасын (антиген) адам ағзасына енгізеді. Сондай вакцина егілген адамның иммундық жүйесі ауру қоздырғышын тез анықтап, ол асқынғанға дейін онымен күресуді бастап кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мәліметі бойынша COVID-19-ға қарсы жасалып жатқан кейбір вакциналар осындай, дәстүрлі әдіске негізделген. Ал, кейбірі РНК- және ДНК-вакциналарды қолданған екен. Бұл дайын антиген енгізбей, сол антигенді адам ағзасы өзі шығара алатындай генетикалық код береді екен. Қалай болғанда да, қазіргі таңда ДДҰ мәліметінше, 48 вакцинаның клиникалық зерттеулері жүріп жатыр. Оның 11-і тестілеудің соңғы, үшінші кезеңіне жеткен. Олар Қытай, АҚШ, Ресей мен Үндістан және Еуропаның бірқатар елдеріне тиесілі.

РЕСЕЙ ВАКЦИНАСЫ – ӘЛЕМДЕ АЛҒАШҚЫ

Бұл ретте біздің ел Ресейдің Н.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген вакцинасына басымдық беріп отыр. Өткен аптада Ақорда сайтында жарияланғандай, 22 желтоқсаннан бастап ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісі басталады. Қазақстан тамызда-ақ ресейлік вакцинаның 2 млн. данасына тапсырыс беріп қойған болатын. Сол тамызда Ресей Президенті В.Путин коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина осы елде шығарылғаны туралы айдай әлемге жариялаған еді. Алайда, ДДҰ тарапынан оның тиімділігіне келтірілген күмән әлі сейілген жоқ. Дегенмен, ресейлік ғалымдар алғашқы уақытта жүрек айну, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілері болғанымен, жалпы вакцинаның тиімділігі 95% екенін мәлімдеді. Вакцинаны екі рет, арасына 1-2 апта уақыт салып егеді. Көрші елде айтылғандай, олардың вакцинасын әлемнің 50 елі сатып алуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Ал, өздері жаппай егуді осы айда бастамақшы.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДЕ СОҢҒЫ СЫНАҚ ҚАЛДЫ

Ал, отандық ғалымдардың алдында соңғы кезең тұр. Ол 25 желтоқсанда басталмақ. Соңғы сынаққа ерікті түрде 3 мың адам қатысады деп жоспарланған. Жалпы, зерттеулер келер жылдың наурызында аяқталады деп күтілуде. Айта кетелік, отандық вакцинаны жасау мамырда қолға алынған болатын. Ол Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленуде. Жалпы қазақстандық ғалымдар коронавируқа қарсы 5 түрлі вакцина бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың екеуі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген және сынақтың әртүрлі кезеңінен өтіп жатыр.

– Бірінші вакцина QazCovid-in деп аталады. Бұл – инактив вакцина, ол 2020 жылдың мамырында жасалған. Содан бері ол зертханада жануарларға: ақ тышқандарға, күзендерге, қояндарға, егеуқұйрықтарға және ең соңында маймылдарға жасалып, клиникаға дейінгі сынақтан өтті, – дейді аса қауіпті инфекциялық ауруларды зерттеу зертханасының жетекшісі Леспек Күтімбетов.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья клиникалық зерттеу кезінде 18-ден 50 жас аралығындағы 44 еріктіге егілгенін және оның кері әсерінің болмағанын айтты. Тіпті, отандық өнім шетелдік балама түрінен кем түспейтінін тілге тиек етті. Вакцина көпшілікке үшінші кезеңнен кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен тарайтын болады.

ҚОҒАМ ВАКЦИНАЛАУҒА ДАЙЫН БА?

 Көпшіліктің вакцина қабылдауға келісімі мәселенің үлкеніне айналған сияқты. Әдетте емханада алуы тиіс түрлі екпелерге қарсы шығатын біздің қоғам коронавирус вакцинасынан, тіпті, шошып отыр. Вакиналау басталады дегеннен бері интернетте қызу талқыланып жатқан мәселеде қазақстандықтардың басым бөлігі келіспейтіндіктерін айтыпты. Олар оны алғаш рет әрі қысқа мерзімде әзірленіп жатқандығымен байланыстырады. Ғалымдар да сенімділік үшін вакцинаны өздеріне егіп көріпті. Ешқандай кері әсері байқалмаса да, сынақ көп адамға жасалған нәтижемен тексеріледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдегендей, вакцинаны тәуекел тобына жататындар ғана бірінші кезеңде тегін ала алады. Олар – дәрігерлер, педагогтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері. Басқалар үшін вакцина ақылы. Алайда, оның құны әзірге белгісіз.

Коронавирустан күніне мыңдап ауырып, жүздеп қайтыс болып жатқан елдер оның вакцинасын қанша болса да сатып алуға әзір отыр. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның бәрін қамти алмаймыз деп қапалы. Әлемнің қолы жете алмай отырған вакцинадан бізде, керісінше, бас тартушылар көп болып тұр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button