«Ана тілі – жүрек үні»
«Таңдамалы тәтті тіл – Абай тілі, Ақынға дос, жаныңа тиеді жылы. Шымырлатып денеңді, сүйсіндіріп, Шертіледі жүректің нәзік қылы», – деп ақын Иса БАЙЗАҚОВ жырлағандай бұл – қазақ халқын әлемге танытқан ұлы Абайдың, қазақ әліпбиінің атасы Ахметтің, сырлы да сұлу шығармаларды тудырған Мұхтардың тілі. Ана тілі арқылы адамдар өз қуанышы мен толғанысын жеткізеді. Сондықтан тіл – қадірлі, қасиетті. Әркімнің ана тіліне деген құрметін анасына, ұлтына, Отанына көрсетілген құрмет деп білуіміз керек.
Тәуелсіз елдің басты белгілерінің бірі – тіл. Тіл мәртебесін көтеру – өз халқына жаны ашитын әр азаматтың борышы.
Иә, тіл әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы, атадан балаға мирас болған баға жетпес мұра. Сондықтан, әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті, оны шұбарлап сөйлеуге жол жоқ.
Ана тілі – ар өлшемі. Біздің ана тіліміз – шексіз бай, өте көркем тіл. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды.
Тіл – әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Адамды мұратқа жеткізетін – тілі мен ата-дәстүрі.
Тіл еліміздің рухани дүниесін нығайтып, адамдарды татулық пен бірлікке, өскелең ұрпақты патриотизм мен жалпы адамзаттық ынтымақтастыққа тәрбиелеуге қызмет етеді. Қазақ тілінің өркендеуі, дамып қанат жаюы – Қазақ елінің азаматтарына байланысты. Бәрінің бастау негізі халықтың қазына қайнарында, ақыл-парасатында жатыр.
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген. Ендеше, тілімізді құрметтеп, сүйе білейік. Бүгінгі ұрпақ ана тілінде жетік сөйлеп, білімді, мәдениетті болуы керек. Сол себепті, тәуелсіздікті баянды еткіміз келсе, тіліміздің туын биік ұстайық!
Құралай ИГІБАЕВА,
М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
№12 балаларға қызмет көрсететін кітапхана филиалының кітапханашысы.