АймақЖаңаарқа

«Мың күбі» мүсіні

Жаңаарқа кентінен облыс орталығына бағыт алатын күрежолдың бойында «Мың күбі» мүсіні бой көтерді. Бұл – өткен жылы ұлттың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуы мен Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, Гиннестің рекордтар кітабына енген ерекше бітімдегі іс-шараны еске түсіріп тұратын ескерткіш белгі.

Сол жолы жасампаз әрекеттерге жаны құштар аудан тұрғындары Жаңаарқаның 10 000 литр бренд-қымызын бір мезетте 1 000 күбіге құйып, пісуі дүйім елді таң қалдырып, тамсандырған еді. Бұл тек Қазақ елінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі рекорд болатын.

Тарихи оқиғаны ел есінде қалдыру бағытындағы талпыныс, әрине, аса құптарлық қадам. Елдік ұстаным өнегесін дәріптейтін мүсін аудан әкімінің тікелей қолдауы нәтижесінде Жаңаарқа кентінің әкімдігі жергілікті қазынадан қарастырған 7,5 млн. теңге қаражатқа орнатылды.

Күбі пісіп тұрған қазақ қызы бейнеленген айрықша тартымды нысан әрібері ағылып жататын жолаушылардың санасында сілкініс тудырып, ұлттық әдет-ғұрыптарды әспеттеуге үндеп тұрары сөзсіз.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button