Руханият

Абырой биігінен орын алған, Асқар тау әкем мен Ардақты ағаларым!

Өмір деген – адамның өткен жолы. Өткен күннен қалатыны тек қана – өмірлік өнеге, өшпес із, ұлағатты үлгі. Яғни, ел игілігі үшін жасалған еңбек, өмірлік еңбек.

Әңгіменің арқауы, тіршіліктегі әрбір ісі, сөзі бізге өнеге болып келе жатқан Жақұл атамыздан тараған ұрпақтар – әкем Серік, ағаларым Мейрам, Қуан жайлы болмақ. Мақтау емес, мақтауға тұрарлық асқар тау әкелерімнің өмір жолдарына қысқаша көз жүгірту…

Әрқайсысы – бір-бір биік, бір-бір дария. Қазыбек би бабамның киелі топырағында туып-өсіп, қасиетті даласының кеңдігін, тарихтың әр кезеңінде өзін таныта білген қайсарлығын бойларына сіңіріп өскен әкем Серік Жақұлұлы мен інісі Мейрам, Қарағанды педагогикалық институттың физика мен математика бөлімін, ал інісі Қуан Қарағанды медицина институтын абыроймен аяқтайды. Қиын-қыстау жылдары ағайын-бауырларымен бір жейдені кезекпен киіп, қара нанды бөлісіп, өздерінің ет тірлігінің арқасында жалықпас руынан шыққан жігіттер, әкелерінің тілегімен туған жеріне оралып, сауатты оқыған азаматтар қатарын толықтырады.

Үш асқар тауымыз өмірі мен еңбек жолындағы барлық күш-жігерін, білімін халқына, жеріне, еліне арнады. Ардақты әкем Серік Жақұлұлы мұғалім, комсомол ұйымының төрағасы, мектеп директоры, аудандық оқу-өндірістік комбинат директоры, ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Еліне пайдасы тиген, жақсылық жасаған, ауданның мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеруге белсенділікпен аянбай тер төккен жан. Жабыққан жұртқа жұбаныш сөз айтып, өтпелі кезең қиындықтарынан сүрінбей өтуді жақсы білді. Зейнеткерлікте жүріп те, өз ауылының көркеюіне атсалысты. Өмірінің соңына дейін туған жерінің ауасын жұтып, суын ішіп жүріп, қасиетті топырағына деген сүйіспеншілігін білдіріп, елінің, жерінің шынайы тілеуқоры болды.

Әкеміздің інісі Мейрам Жақұлұлы да мұғалім, совхоз парторгі, аудандық партия комитетінің де қиын да жауапты саласын жақсы басқарып, әсіресе ауыл шаруашылығын өркендетуге кешегі кеңес дәуірі кезінде тікелей атсалысқан жанашыр басшы, халқының қамқоршысы болды. Інісі Қуан Жақұлұлы сырқат жандардың дертіне дауа таба білген ақ халатты абзал жан, Абай қаласының бас дәрігері, емхана меңгерушісі, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің деканы лауазымды қызметтерін атқарып, білім және медицина саласын дамытудағы ерен еңбектері, жетістіктері әрқайсымыздың жадымызда.

Көп жылдар осы аты аталған лауазымдарды арқалап жүріп, ең бастысы, адамгершілік қасиеттен айрылмай, қай сала болса да, табанды да, қажырлы істерімен, қарапайым еңбекқорлықтарымен абырой биігінен орын алған білікті басшылар Серік, Мейрам және Қуан ағайындылардың еңбектерін елі мойындады. Әр дәуірдің өз талабы, өз заңдылығы болады. Соған орай, сол сыннан, сол заманның мемлекеттік қызметінде өзін көрсете білген, елден, халықтан, мемлекеттен тиісті бағасын алған Ел ағалары.

Әкем Серік Жақұлұлы Қарқаралы ауданының, ал ағам Қуан Жақұлұлы Абай қаласының «Құрметті азаматы» төсбелгісінің иегерлері, осындай ең жоғарғы дәрежелі атақтың берілуі, ерен еңбектерінің айқын көрінісі емес пе?!

Әр тұлға жайлы айтылар әңгіменің ауқымы да әр алуан болмақ. Десе де, әкелерім, ағайынды Жақұл ұлдары туралы сыр шертудің мен үшін жеңілдігі, олардың өмір мен еңбек жолдарының ұқсастығында.

«Біз, мәнерлі сөздің мәйегін тамызатын әкеміз Жақұл мен байсалдының бағбаны болған анамыз Қайшадан өнегелі тәрбиені, шыншылдықты, ұлағаттылықты, мағыналы сөздерді бойымызға сіңіріп, әкеміздің сегіз қырлы-бір сырлығын көріп, өмір баспалдағын нық басып, үлгілі ұрпақтар тарадық» – деп Қуан ағамыз мақтанышпен жиі айтатын.

Иә, ағамыздың бұл сөзіне, елі куә, туып өскен жері куә, соңынан өсіп келе жатқан ұрпақтары да куә…

Әкем Серік пен Мейрам, Қуан ағаларымыздың қайсысын алсаңыз да, өз ортасына өте сыйлы, бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөздері насихат еді. Бір-біріне деген сыпайылықтарына, мәдениеттілігіне, сыйластықтарына қарап ел сүйсінетін. Өмірлік жинаған ілім мен еңбектерін тәрбиеге үлестіріп, елі үшін де берекелі дүниеге айналдырған жандар. Иә, ақыл мен еңбегіне ғана сеніп, қай жұмысты болса да, адал атқарып, өзгеден де соны талап ететін, тұғыры биік тұлғалар – ол менің әкем мен ағаларым.

Жылдар тізбегі барлығын да өзгертеді, ал, уақыт барлығын алып кетеді екен…

Десе де, адалдықты, әділдікті қашанда ту етіп, іскерлігімен, халықтың қадірмендісіне айналған асқар тау әке, ардақты ағаларымның атқарған қызметтері, жасаған жақсылықтары мен ерен еңбектері ешқашан ұмытылған емес. Жанымыздан кеткенімен, жадымыздан өшпесі анық.

Әсемгүл Серікқызы ЖАКУЛОВА.

Басқа материалдар

Back to top button