Баспасөз мәслихаты

54 жол апаты: 42 адам көз жұмды

Жыл басынан бері жол апаты азаймай тұр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің қатары қалың. Жазатайым жағдайға тап болғандардың басым бөлігінің себебі – жол жүру ережесін сақтамағандықтан екен. Бұл туралы облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали ЫСМАҒҰЛОВ өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 54 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Онда 42 жолаушы қаза тапса, жарақат алғандардың саны – 86-ға жеткен. Көлік жүргізушілер жылдамдық режимін, маневр жасауды, басып озуды, қарсы жолаққа шығу сынды тыйым салынған ережелерді бұзуда. Тіпті, жаяу жүргіншілерді өткізбей, мас күйде көлік жүргізгендер де аз емес. Дәл осындай 984 факті анықталыпты. Ал, қарсы жолға шығып, апат жағдайын тудырған 550 оқиға тіркелген. Сонымен қатар, жол ережелерін елемейтін жаяу жүргіншілер де бар. Осы уақытқа дейін 14 332 жаяу жүргінші тыйым салынған жерден кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 1 850 жүргізуші жаяу жүргіншілерді өткізбегені үшін жазаланды.

Күн жылынғаннан кейін облыс жолдарында мотокөлік қозғалысы көбейді. Олар да ереже бұзып, шектен тыс жылдамдықты асырады. Соның салдарынан апаттық жағдайлардың саны өсті. Мотокөлікпен апатқа ұшыраған – 12 оқиға тіркелді. 5 адам қаза болып, 8 адам ауыр жарақат алды. Апаттың алдын алу үшін мамыр айынан бастап, облыс бойынша мотокөлік иелерінің тәртіп бұзуын анықтау рейді жүргізілуде. Онда учаскелік полиция инспекторлары құжаттарды тексеріп, мотоциклдері бар адамдарды анықтау үшін аулаларды және пәтерлерді аралайды. Мотоциклмен жол жүрісі қағидаларын бұзуға жол бермеуде түсіндіру әңгімесін жүргізеді, – деді Құрманғали Ысмағұлов.

Рейд кезінде 383 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 80-інде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ, 31-інде мото шлемдерді пайдалану жөніндегі талаптар сақталмаған. Ал, мотокөлікке мас күйінде отырған 79 факті тіркеліпті. Басқару құқығы жоқ, тіпті, тиісті санаты жоқ 93 мотокөлік жүргізушісі анықталған.

Ақпан айынан бастап, демалыс күндері облыс аумағында «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу тәжірибесін жалғастырудамыз. Сондай-ақ, көлік құралын жалған нөмірлермен жүргізген адамдарды анықтау бойынша жұмыс тоқтаусыз. Облыста жүргізушілерге қатысты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін таққан 242 оқиға тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Құрманғали Жәрдемұлы.

Демалыс маусымы басталғандықтан қала сыртындағы жолдарда автокөлік қозғалысының саны артты. Бұл қозғалыс қиындап, қауіп-қатердің күшейгенін білдіреді. Сондықтан, жолда абай болып, жол ережелерін сақтаған абзал.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button