8200 тұрғын оңалтудан өтті
2021 жылдың 4 айында облыстың медициналық ұйымдарында аймақтағы 8 200-ден астам қарағандылық оңалту емінен өтті. Бұл көмекті төлеуге медициналық сақтандыру қоры 1,48 млрд. теңге бөлген. Осы қаражатқа оңалту орталықтарында, шипажайларда, емханаларда науқастар оңалтудың екінші және үшінші кезеңі негізінде емделді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы, облыста биыл медициналық оңалтуға барлығы 4 085 717 000 теңге бөлінген. Оның ішінде, коронавирус инфекциясына шалдыққаннан кейін оңалтуға – 307,3 млн. теңге қарастырылған.
Ал, операциядан, я аурулардан кейінгі оңалту емін облыстың 12 орталығында алуға болады. Амбулаториялық деңгейде бұл көмекті облыстың 14 емханасы көрсетеді.
Негізгі немесе созылмалы ауруды емдеуде, қатты ауырсынудан, хирургиялық операциялардан кейін, жарақат алғаннан соң, сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда медициналық оңалту көрсетіледі.
«Медициналық көмектің кез келген түрін алу сияқты, медициналық оңалтудан өту үшін тіркелген жері бойынша емханаға учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға, мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.
Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзімін анықтайды.
Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе шипажай-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады», – дейді Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, медициналық оңалтуға жатпайтын аурулардың тізімі де бар. Олардың қатарында, көп қан кету, дене қызуының көтерілуі және ұзақ уақыт бойы қалыпты жағдайдан асып кетуі, жедел жұқпалы аурулар, жедел остеомиелит, көктамыр тромбозы, жүрек жеткіліксіздігі, эпилепсия талмасы ұстаған кезде, қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, тиреотоксикоз, бауыр қызметі тапшылығы, ІІІ деңгейлі ұйқы безі тапшылығы, адамның көңіл-күйі мен мінезінде ауытқулар тудырған психикалық аурулар, іріңді және жұқпалы тері аурулары, 2-3-дәрежелі анемия, 3-дәрежелі дистрофия сынды аурулар бар.