Руханият

АБАЙДЫ үш тілде оқиды

Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығын ұлықтау тек Қазақстанда ғана емес әлемде жүзеге асуда. Жақында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залының ашылуы осының айғағы. Бұл жерде оқырман ақынның өмірі және шығармашылығымен қазақ, араб және ағылшын тілдеріндегі туындылары арқылы таныса алады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Мадияр Меңілбеков «Абай» мәдени-танымдық залы қазақ халқының әдеби мұрасын шетелдегі отандастарымыз арасында дәріптеуге, жергілікті оқырман қауымды қазақ классигінің шығармаларымен таныстыруға мол үлес қосатынын жеткізді. Қазақстандық дипломат еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тілге тиек етіп, соның аясында ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, Абай бастаған қазақ әдебиетінің жауқазындарын әлемге паш етудің аса маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар аталған зал екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған ғылыми бағыттағы түрлі жиындарды, баспасөз конференциялары мен басқа да ресми іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында пайданылады.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен іс-шараға Ұлттық академиялық кітапхана мен Жазушылар одағының басшылығы, осы елдегі отандастарымыз бен бірқатар шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button