Ресми

Дене шынықтыру пәнін өткізу тәртібі қалай өзгереді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде дене тәрбиесі пәні бойынша 500 мыңнан аса сағат бар, ал пән мұғалімдерінің саны, шамамен, 30 мың. Мектептердегі дене шынықтыру сабағына енгізілетін өзгерістер пән мұғалімдері арасында дау туғызды. Сонымен не өзгерді?

дене шынықтыру сабағы өзгереді
фото: Ашық дереккөз

«Дене шынықтыру сабағының мұғалімдеріне қатысты мәселе көтеріліп жүр. Заңға сәйкес, бір аптаның ішінде үш дене шынықтыру сабағы барлық сыныпқа өткізіледі. Яғни, сағат өзгермейді», – дейді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Жаңа оқу жылынан бастап Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес бір сыныптың барлық оқушысы дене шынықтыру сабағын, сондай-ақ басқа да пәндерді бірге оқиды.

«Бұл ретте мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуы тиіс. Яғни, мұғалім сыныпты гендерлік принцип бойынша топтарға бөле алады. Мысалы, сабақта сынып қыздар мен ұлдар топтарына бөлінеді, ал мұғалім әр топқа жеке жаттығулар береді. Мұндай әдістемелік тәсілдерді сараланған әдісті қолдану қажет болғанда басқа пән мұғалімдері де пайдаланады», – делінген Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің ресми парақшасында.

2021 жылдан бастап балаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке ұйымдардағы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуға қосымша мүмкіндік берілгенін атап өткен жөн.
Демек, балалар дене шынықтыру сабақтарында, сондай-ақ кесте бойынша спорт секцияларында аптасына 3 рет дене шынықтырумен айналысады.

Былтырдан бері дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 3 сағаттық спорт секциясын өткізгені үшін қосымша 100% төлемақы беріле бастады. Бұл секциялар оқушылар үшін өткізіледі. Мұның бәрі балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасайды.

Елімізде дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне орта есеппен 18 сағат, яғни бір мөлшерлемеден сәл артық оқу жүктемесі қойылады. Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, дене шынықтыру мұғалімдері бір мөлшерлемемен жұмыс істеу үшін жеткілікті жүктемемен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ мектеп директорларына жан-жақты қолдау көрсету тапсырылған.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button