Жаңалықтар

БИЗНЕСТЕ ұлттық өнердің таласы бар

Ықылым заманнан келе жатқан ұлттық қолөнер бүгінде біздің ғана бренд емес, әлем дизайнерлерін де тамсандырып, таңғалдырар деңгейде. Бір кездері ұлттық қолөнерге қырын қарағанымыз рас. Бірақ, кейінгі кездері мемлекеттің тікелей қолдауының арқасында төл өнер оң нәтижеге қол жеткізуде. Соның бір жарқын көрінісі ретінде Гүлзира ҚҰРАШЕВА жаңаның бәрі көнеден тамыр тартатынын айқындап берді. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының грантын иеленіп, құрақ көрпе мен қыз жасауын тігуді қолға алған.

Ұлттық мұра – ұлттық құндылық Гүлзира Жанатқызы грантқа іс машинасы мен қажет бұйымдар алған. Құрақ көрпе мен қыз жасауын дайындайды. Қазір жалғыз өзі емес, анасы екеуі кәсіпті дөңгелетіп отыр. Мұндай өнер анасынан дарығанын өзі де мақтан етеді.

Алғашқыда ескі тігін машинамен ісін бастап, азды-көпті саудалаған. Түскен қаржысына белгілі бір мөлшерде мата алып жүріпті. Қосымша жабдықтарының жоқтығынан қиындықтар болғанын да жасырмайды. Грант алғаннан кейін жұмыс өнімділігі де артқан. Қазір базардан өлшеммен алатын қымбат матаның орнына Оңтүстік өңірден орамымен түрік матасын арнайы алдыртуда.

– Тігін машинасын алған соң жұмыс алға жылжыды. Бір құрақ көрпе тігуге бірнеше күн кетеді. Сондықтан, алдын ала тапсырыспен жұмыс істейміз. Ең бастысы – сапа, – дейді «Ai&Le exclusive» кәсіпорын жетекшісі Гүлзира Құрашева.

Құрақ көрпе, жастықтың тысы – қымбат матамен қапталады. Тұтынушының тапсырмасына қарай түрлі пішіндегі құрақ түрлерімен безендіріледі. Қосымша, көрпенің пішінсіз тек оюлы нұсқасын да жасайды екен. Бұдан бөлек, ұлттық киімдерге де тапсырыс алады.

– Менің анам да қолөнер шебері. Құрақ пішіп, түрлі киімдер тігуден алдына жан салмайтын. Барлығын анамның қасында жүріп үйрендім. Ескі тігін машинасымен көп уақыт кететін. Тіпті, кесетін, өлшейтін құралдар да қиындық тудыратын. Жаңа іс машинасын алғалы уақыт үнемделді. Арнайы алынған қосымша құралдар да одан әрі жұмысты жеңілдетті, – дейді анасы Бақытжамал Дүйсекина.

Сапалы тауарға – сұраныс көп

Бүгін де тапсырыс берушілердің қатары көбейген. Тіпті, Нұр-Сұлтан, Павлодар мен Екібастұз қалаларынан да тапсырыстар түседі екен.

– Әлеуметтік желі арқылы Гүлзира ханымның жұмыстарын көріп, қызығатынмын. Содан, тапсырыс бердім. Уақытында дайындады. Сапасы мен ойлағаннан да жоғары. Базарда сатылатын қымбат көрпелердің қасында әлдеқайда арзан. Алдағы уақытта тағы да тапсырыс беремін, – дейді тұтынушы Бибігүл Құсайынова. Ал, Гүлзат Ахметқызы есімді тапсырыс беруші: «Осыдан екі жыл бұрын бір тігіншіден құрақ көрпе сатып алып едім. Бағасы қымбат. Кейінірек, танысымнан Гүлзира жайлы естіп, әлеуметтік желі арқылы жұмысымен таныстым. Міне, қазір екінші мәрте тапсырыс бердім. Сапалы әрі көркемдік жағынан көздің жауын алады. Бағасы да көңілге қонымды, – дейді ол.

Жасалуы күрделі жұмыстың табыс көзін де азайтатын кездері болады. Осы мәселенің алдын алу үшін Гүлзира Жанатқызы жоғары сападағы төсек-орын жабдықтарын жасауды да қолға алған. «Айналымда артық қаржы болу керек. Сондықтан, төсек-орынды тігуді жөн көрдім. Көрпеге қарағанда жылдам. Оны өткізіп, орнына материал аламын» дейді жас кәсіпкер.

Гүлзираның ендігі мақсаты көлемді грант иеленіп, кәсібін одан әрі дамыту. Ғимарат жалдап, жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Ал, бұл тұрғыда облыстық кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкерге қолдау көрсетуге әзір.

– «Гүлзираның шеберлігіне тәнті болдық. Жұмысын ұқыпты әрі тиянақты орындайды. Бұдан басқа да ірі грантқа қатысуды жоспарлап отыр, бірақ грант инновациялық бизнеске берілетін болғандықтан тың өзгерістерді талап етеді. Осы тұрғыда жеке бизнес тренерімен бірлесіп, кеңесуде. Ал, біз барынша қолдау көрсетуге әзірміз – дейді кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button