Сәтбаев

Шаһар айнасы

Халық депутаттары Никольский (қазіргі Сәтбаев) қалалық кеңесінің хабаршысы «Сарыарқа» газеті 1990 жылы 4 маусымда жергілікті баспаханадан қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Кеншілер шаһарының тыныс-тіршілігін, әлеуметтікэкономикалық дамуын, мәдени-рухани өмірін тұрғындарға жеткізуге бірден білек сыбанып кірісіп кетті.

Төрт жылдан кейін атауы «Шарайна» болып өзгерді. 2003 жылы газеттің құрылымы өзгеріп, мемлекеттік мекемеге айналды. 2012 жылдан бері «Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің редакциясы» ЖШС деп аталады.

Газеттің сарғайған бетінде кенді өлкенің кейінгі отыз жылдық шежіресі сайрап жатыр. Отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанмен, газет ұжымы елдің жадынан мәңгі өшпейтін жаппай ұжымдастыру мен қазақты қынадай қырған аштық, «халық жауы» жаппай жазаланған саяси қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс, соғыстан соңғы сындарлы сәт, «кемелденген социализм» кезеңі, ұлттық ояну, азаттықтың ақ таңы, Тәуелсіздіктің алғашқы ботатірсек кезеңі, дамудың сара жолына түскен бүгінгі Қазақстан, бәрін-бәрін елдің естелігі арқылы тасқа түсіруге тырысты.

– Мерзімдік баспасөз ақпарат тарату арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруға, мемлекеттің, әлеуметтік топтың немесе жекелеген тұлғаның мүдде-мұратын танытуға қызмет етеді. Журналистің белсенді қызметі және жоғары жауапкершілгі болмай, баспасөз бен биліктің берік байланысы тұрақты дамымай қоғамдық пікір, азаматтық ұстаным қалыптаспайтынын уақыттың өзі айқындап, дәлелдеп берді.

Заманға сай газеттің мазмұны байып, дизайны өзгеріп келеді. Қаладағы саясиэкономикалық, рухани-мәдени шараның жаршысы өзі екенін журналистер жақсы түсінеді. Бұрынғы айдар жаңғырып, жаңасы жарық көріп жатыр. «Ақбаян» беті қыз-келіншектер сыры мен пікірін жасқанбай ортаға салатын ашық әңгіме алаңына айналды. «Жастар KZ» беті бүгінгі ортаның «жыртығын» жамап, келешектің кем-кетігін түгендесе, түрлі-түсті «Соңғы бет» қаланың мәдени өмірін толық қамтып келеді. Қаламгерлер талдау-сараптама сипатындағы мақала жазуға бет бұрды. «Наполеон самсаған найзадан гөрі санаулы газеттен қорқатынын айтыпты» деген сөз бар. Ол қай заман, бүгінде «газетпен шыбынды ғана емес, шенеунікті де сұлатып салуға болатыны» айтылып жүр. Рас та шығар, бір шындық – оқырман санасында «біреуді «сойып салған» газет қана мықты» деген ой мықтап орныққаны жасырын емес. Қоғам байсал тартқан сайын бұл түсінік те сейіліп келеді, – дейді газет басшысы Нүрия Ілиясова.

Бүгінде «орда бұзар» отызға толған «Шарайна» газеті жергілікті билік пен бұқара арасындағы «алтын көпірге» айналған. Сондай-ақ, кенді қаланың келер ұрпағына кемелді жылнама жазып қалдыруға күш салуда. Тер төгіп, терлігі кеппей жүрген ұйымшыл ұжымды «қамал бұзған» қырқында жаңа биіктен көрейік.

СУРЕТТЕ: Редакцияның қазіргі ұжымы.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button