Руханият

ҚАСЫМТАНУҒА – сәтті қадам

Қасым поэзиясы – көзіме жолындағы бар әділетсіздікті жаншып, жайпап келе жатқан қуатты дауылды елестетеді. Бұл ақынның бойына дарыған арқалы бабалардың асқақ рухы болса керек. Қасым АМАНЖОЛОВ – қазақ өлеңін қылышынан қан тамған дәуірде жалғыз өзі өрге сүйреген алапат ақын. Бүгінде оның «Өртке тиген дауылдай өлеңдері» жан-жақты зерттелу үстінде.

Шындығында, солтүстіктегі көршілер Пушкиннің бүкіл өмірін зерттеп, ұлттық құндылықтарына айналдырып алған көрінеді. Одан кейінгі Есенин, Достоевский сынды ақын-жазушыларының шығармаларын да терең зерделеп, телехикая да түсірген.

Ал, біз Қасымдай дара таланттың өмірі мен шығармашылығын әлі толық зерттеп болмасақ та, осы бағытта атқарылып жатқан шаруа аз емес.

Байқасақ, Қасымды өзінен кейінгі толқынның көбі ұстаз тұтты. Жыр арнады, естен кетпес естелік жазды. Шығармашылығын зерттеп жүргендер де баршылық. Енді сол дүниелерді іздегенде таппай қиналатынымыз рас. Ал, бұған дейін 2001 жылы Қасымның қызы Дариға Аманжолованың құрастыруымен Қасым шығармаларының IV томдығы жарық көрген. Соның I томында Қасым жайлы естеліктер мен арнау өлеңдер топтастырылыпты. Бірақ, ол 2001 жылға дейінгі материалдармен тоқтап қалды. Бүгінде осы үрдісті жалғастыру һәм 2001 жылдан бері қарай жарияланған дүниелерді толықтырып, тұрақты түрде жариялап отыру және осы кезге дейін республикалық «Qasym» журналында Қасымтану айдарымен жарияланып келген дүниелерді жалғастыру мақсатында игі іс қолға алынған.

Ол – Қарағанды облысының мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен, Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтетін республикалық Қасым оқулары аясында жарық көретін «Qasym» сериясы. Құрастырушы және жарыққа шығарушы – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмаз Мырзахмет. Кітап «Magzhan» баспасынан шығуда.

Әріден бастасақ, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2011 жылы Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы аясында Қасым оқуларын өткізуді қолға алған. Ол «Қасымның өлеңдерін жатқа оқу», «Қасымша жырлау», «Қасымның әндерін шырқау» сынды үш номинация бойынша өтіп келеді. Алғашында аймақтық болып басталып, байқауға қатысушылардың саны көбейе түсті. 2017 жылы қазылар алқасының төрағасы болған Қазақстан Жазушылар одағының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезектің қолдауымен 2018 жылдан республикалық деңгейде, сол үш номинацияда өткізіле бастады.

Ал, 2018 жылы қазылар алқасының төрағалығына қазақтың аймаңдай ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы шақыртылды. Сол жылдан бастап, байқауды нәтижелі ету, Қасымтану ғылымын жетілдіру, дамыту мақсатында «Qasym» сериясы қолға алынды. Бұл сериямен жыл сайын Қасым оқулары аясында, бір кітап шығып, тұсауы байқаудың қорытынды кешінде кесіліп отырмаққа бекітілді.

Аталған серияның 2018 жылғы алғашқы кітабына Қасымға арналған үзеңгілестері Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтерден бастап, кейінгі ізбасарлары Жұмекен, Мұқағалилардан бері қарай қазіргі жас толқынға дейінгі ақындардың өлеңдері топтастырылды. Ал, 2019 жылғы «Qasym» сериясының 2-ші кітабына дауылпаз ақынның замандастарының ең іргелі естеліктері мен зерттеу мақалалары мен достарының естеліктері топтастырылды.

Бұл жолы байқауға Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық етті.

Сонымен қатар, екінші кітаптан бастап, кітаптың соңғы жағына Қасымтану ғылымына келген жас ізденушіге арналған анықтамалық енгізіле бастады. Яғни, Қасым Аманжоловтың шығармашылығы туралы мерзімді баспасөз бетінде 1960-2019 жылдар аралығындағы жарияланған материалдардың толық тізімі берілді.

Биыл Қасым оқулары 21 қазан күні ZOOM платформасы арқылы «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» атты Қасым өлеңдерін жатқа оқу аталымында өтеді. Яғни, биыл осы бір номинацияда республиканың 16-25 жас аралығындағы талапты жастары сайысқа түспек. Қазылар алқасының төрағасы ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Танакөз Толқынқызы болады деп жоспарланған.

Ал, «Qasym» сериясының 3-ші кітабына Қарағанды облысының қаламгерлері мен ғалымдарының Қасым Аманжолов туралы ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған. Ақынның көзін көрген, тілдескен Жайық Бектұровтың «Әнмен өрілген ғұмыр» атты мақаласымен басталады. Софы Сматаев, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман сынды ақын-жазушылар, Жандос Смағұлов, Берік Рахымов, Шара Мәжітаева сияқты бірқатар профессор-ғалымдардың Қасым жайлы ғылыми мақалалары енгізілcе, алғы сөзін республикалық «Juldyz» журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай жазды. Ал, анықтамалыққа Қасым Аманжоловтың жарық көрген кітаптарының тізімі берілді. Алғашқысы 1950 жылы Қазақ мемлекеттік әдеби баспасында жарық көрген. Кітаптарының бет көлемі, қай жылы, қай баспадан, кімнің құрастырумен шыққаны туралы мәліметтері, түрлі жинақтарда 1970-2020 жылдары арасында жарық көрген туындылар тізімі, мерзімді баспасөз беттерінде 1945-2020 жылдар аралығында жарияланған Қасым Аманжоловтың төл еңбектерінің тізімі және Қасымның 1958- 2020 жылдар аралығындағы өмірі мен шығармашылығы туралы материалдардың сілтемесі де қоса ұсынылған.

– Қасымтану атты үлкен сала ғылыми айналымға келді. Қасым мұраларын зерттегісі келетін жас ғалымдардың қатары артуда. Соларға осы «Qasym» сериясымен шыққан кітаптар әдістемелік құрал ретінде пайдалануға таптырмас көмекші болары анық. Болашақта мектептер мен жоғары оқу орындарында қасымтану элективті курсы ашылса осы кітаптар таптырмас көмекші құрал, – дейді Алмаз Мырзахмет.

Оның айтуынша, болашақта «Qasym» сериясымен Қасымның әндерінің бір қорапта 14 кітап болатын нота кітабын және Қасым өлеңдерін тақырыптық-жанрлық жағынан жеке жіктеп шығаруды жоспарлап отыр.

Осындай ізгі мақсаттардан дүниеге келіп, «Qasym» сериясымен шыққан кітаптар өз оқырманын тауып, қасымтанудағы сәтті қадам болары сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button