Ертоқым

ХХ ғасырдың басында жасалған ертоқым Балқаш қаласының тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Ат мініп, түйе қомдаған елдің басты мүлкінің бірі болған ертоқымды шаһар тұрғыны Мақпал АРЫСТАНБЕКОВА музейге тапсырған екен.

Музей қызметкері Асыл Серікқызының айтуынша, құнды жәдігерді жасаған шебердің есімін ешкім білмейді.

– Бұл ертоқымды мұражайға 2012 жылдың 5 желтоқсанында балқаштық Мақпал Арыстанбекова тапсырды. Ат әбзелін көп жыл бұрын Мақпал қолдан сатып алған. Сондықтан, жасаған шебердің есімі белгісіз. Жалпы, бұрынғы заманда бабаларымыз келген қонақтың астына мінген атының әбзелдеріне қарап-ақ, оның қай рудан екенін, дәрежесін, қай өңірден келгенін анықтаған екен. Мамандардың болжамынша, ертоқым Балқаштың солтүстік аймағының қазақтарына тиесілі, – дейді Асыл Серікқызы.

Айта кетейік, ердің алдыңғы, артқы қасы түгелдей ақ металмен қапталып, құм шегелермен шегеленген. Сонымен қатар, ердің өзі және тоқымы, көрпесі, үзеңгісі ою-өрнектермен әшекейленген. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.