Руханият

«Тіл – әр елдің ұлттық мақтанышы»

Алматыдағы республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – Қазақстан халқының рухани байлығы» атты онлайн-конференция өткізді. Оған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.ТҮЙМЕБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.ҮЙСІНБАЕВ, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының басшылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – тілдік мәдениет пен жалпы адами рухани құндылық принципіне негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту.

Жиынды ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев алдымен Президент Жолдауының маңызына тоқталды. «Бұл – ел дамуының бағытын айқындайтын маңызды құжат. Жолдау халықтың әл-ауқатына, әр қазақстандықтың әлеуметтік көңіл-күйіне байланысты барлық негізгі салаларды қамтиды. Біздің міндетіміз – осы маңызды құжатты түсіндіруге және іске асыруға белсенді атсалысу» деді ол.

Жылда қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі Ахмет Байтұрсыновтың туған күнінде атап өтілетін Қазақстан халқының тілдері күні – бұл 100-ден астам этностың біртұтас тату отбасын құрайтын әрбір қазақстандықтың мерекесі.

Бұл мереке барша халықты біріктіруімен қатар, біздің біртұтас қазақстандық бірегейлігімізді көрсетеді. Оның арқауы – мемлекеттік қазақ тілі мен көпұлтты мемлекеттің мәдениеті, ортақ құндылықтар мен қазақстандық патриотизм.

Сонымен қатар, ортақ Отанымызға деген жас ұрпақтың сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелейді. Елдегі түрлі этностың тілі мен дәстүрі туралы білімін кеңейтуге ықпал етеді.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр азаматтың үш тілді білуін тіл саясатының маңызды бағыты ретінде айқындаған еді.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі «жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу» үшін қажет.

– Этностар арасында мемлекеттік тілді үйрету – Ассамблея жұмысының басты бағыты. ҚХА бұдан әрі де бұл мәселеге баса назар аудара бермек. Осы мақсатта Ассамблея қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумын өткізіп тұрады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.Үйсімбаев Тіл саясаты – көпэтносты мемлекет пен ашық азаматтық қоғамның тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде Қазақстандағы барлық этностардың өзара сыйластығы мен заңдылық қағидаттарына негізделгеніне тоқталды. Тіл – әр елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болатын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін қорғауға, оны сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті.

Онлайн-конференцияда қатысушылар Қазақстанда тілдерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан этностарының тілі мен мәдениеті дамуының негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты. Жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button