Руханият

Ұлыларды ұлықтады

Ұлы тұлғаларымыз Ұлан-Батырда да ұлықталды. Абайдың 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шырайлы шараны Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігі ұйымдастырыпты. Қос мерейтойды үйлестіріп, ұлыларды үндестірген кеш «Абай және Әл-Фараби тағылымы» деп аталды.

Іс-шараға Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі атқарушы агенттік басшысы Ц.Нацагдолгор, «Абайдың қарасөздері» кітабының моңғол тіліндегі аудармасының авторы, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукей, сондай-ақ, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары және қазақ диаспорасының танымал тұлғалары қатысты.

– Абай Құнанбайұлы мен Әл-Фараби – көшпенді халықтың, яғни, қазақ халқы мәдениетінің көрінісі. Осы екі ұлы ойшылдың арасында мыңжылдықтар жатса да, олардың дүниетанымы және шығармалары бір мезгілде жазылған сияқты, – деді сөз алды Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі агенттіктің басшысы Ц.Нацагдолгор ханым.

Сондай-ақ, кеш барысында моңғол тіліне аударылған «Абайдың қарасөздері» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы, дипломат, профессор, тарихшы, жазушы және аудармашы Сұлтан Тәукейұлы тұсаукесер сәтінде сөз сөйледі. Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған және барлық даналықты бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтып, «ақынның шығармалары қанша уақыт өтсе де құндылығын жоймайды һәм әр кез рухани бағытты нұсқайды» деді.

Шара барысында моңғолиялық абайтанушылар Т.Етекбай мен А.Жамбылдың хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалары тыңдалды.

Басқосу кезінде Абайдың әндеріне де кезек берілді. Моңғол халқының ұлттық аспабы моринхурмен орындалған «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас» әндері қонақтардың жүрегін тербеді. Қазақ диаспорасының дарынды жастарының орындауында көпшілік сүйіп тыңдайтын «Көзімнің қарасы» және «Сегіз аяқ» әндері, сондай-ақ ақынның мәнерлеп оқылған өлеңдері мен қарасөздері көрермендердің қошеметіне бөленді.

Артынша ұлыларға арналған фотокөрмелер мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, жиынға қатысушылар Абай мен Әл-Фарабиге арналған деректі фильмнің куәсі болды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button