Жаңалықтар

Көлеңкелі экономика: көрсеткіші кеміді

Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 3,7 есеге артты. Екі жылдың қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру көлемінің төмендеуіне қол жеткізілді. Қарағанды облысында 16 ойын мекемесінің заңсыз қызметінің жолы кесілді және Теміртауда алкоголь өнімдерін өндіретін жерасты цехы жабылды. Көлеңкелі экономикамен күрес бойынша шараларды күшейту мәселесі облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте талқыланды.

 

Өңірде көлеңкелі экономиканы азайту, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасы жұмыс істейді. Мәселен, өткен жылы «Казино» жедел-алдын алу іс-шаралары барысында 16 ойын мекемесінің заңсыз қызметінің жолы кесілді. Оның ішінде, қылмыстық топтардың Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы қызметі де әшкереленді. Жалған 100 долларлық банкноттарды сату тоқтатылды. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша 5 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Нұра ауданындағы «Қараадыр» кен орнында заңсыз өндіру фактісі анықталды.

– B2B Jewelry сауда маркасымен қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың заңсыз қызметінің жолы кесілді. Қарағандылықтарды «Амазон» сауда алаңында тауарларды сатудан алынған кешбэк түрінде сыйақы беру уәдесімен тартқан тағы бір инвестициялық пирамиданың қызметі тоқтатылды, – деді Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Е.Тюмелиев .

Мемлекеттік кіріс органдары тәуекелді кәсіпорындардың қызметін анықтау және жолын кесу жөнінде шаралар қабылдауда. 2020 жылы сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 392 талап арыз жолданды, 64 заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеудің күші жойылды.

Бизнес ахуалды жақсарту үшін жағдайлар жасалуда. 2020 жылы 3,7 мыңға жуық бизнес-жоба қаржылық қолдауға ие болды. 2,6 мың адам оқытылды.

Дағдарысқа қарсы шаралар аясында 30 мыңнан астам кәсіпкердің салықтар, екінші деңгейлі банктердің несиелері және жалдау ақысы бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.

Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, халықтың тұтыну мәдениетін де арттыру қажет. Аймақ тұрғындары тауарлар мен қызметтерге ақы төлегеннен кейін чектерді талап етуі тиіс.

– Оң динамика бар. Бақыланбайтын экономиканың көлемі 2017 жылы шамамен 24%-ды құрады. 2019 жылы біз 21%-ға дейін қысқаруды көріп отырмыз. Жандандыру қажет, бұл жұмысқа тек бақылаушы ғана емес, барлық мемлекеттік органдар қатысуы тиіс. Бұл халықтың билікке деген сенімінің аса маңызды бөлігі болып табылады. Бизнес неғұрлым көп болса, салықтар соғұрлым көп болады, сондықтан әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру саны артады. Екі апта ішінде жаңа жағдайларды ескере отырып, көлеңкелі экономикамен күресу үшін іс-шаралар жоспарын жасау қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

***

2020 жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарына жеке және заңды тұлғалардан 56 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақтияр Айешов өтініштермен жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.

Қала және аудан басшыларының жеке қабылдауына 2 242 адам келіп, облыс басшылығына 174 тұрғын жүгінді.

Өңір бойынша ашық фронт-кеңселер жұмысын жалғастыруда. Мысалы, Open Karaganda қызметкерлері 4 351 тұрғынның мәселесін шешуге көмектесті.

Негізгі жаңалықтардың бірі «Е-Өтініш» пилоттық жобасын іске қосу болып табылады. Жүйе халықпен кері байланысты жылдам әрі тиімді қолдауға мүмкіндік береді.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында біз өңір тұрғындарының әрбір өтінішіне уақытылы және сапалы жауап беруге тиіспіз, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Қалалар мен аудандар әкімдеріне өтініштер бойынша жұмысты ерекше бақылауға алуды, олардың сапалы әрі уақытылы қаралуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button