Руханият

«Үздік әдістеме» облыстық байқауының ЕРЕЖЕСІ

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» КММ-нің 2020 жылға арналған ісшаралар жоспарына сәйкес, 28 қазанда латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйретудің әдістемесін қалыптастыру мақсатында «Үздік әдістеме» облыстық байқауын өткізеді.

Байқаудың мақсаты:

– шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзіндік идеясы бар, әдістемелік шеберлігі зор, кәсіби әлеуеті жоғары мамандарды анықтау;

– орта және арнайы білім беру ұйымдарында, колледждерде білім алушыларға, ересектерге латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйретудің үздік әдістемесін анықтау;

– тіл мамандарының, оқытушылар мен әдіскерлердің біліктілігін арттыра отырып, үздік тәжірибені насихаттау.

Байқауға қатысушылар:

– орта және арнайы білім беру ұйымдарының, колледждердің оқытушылары мен әдіскерлері, өңірлерде латын графикасын енгізуге жауапты мамандар, тіл оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары.

Байқауды өткізу тәртібі:

Бірінші кезең – іріктеу кезеңі

Қатысушы үміткерлер 9 қазанға дейін ұйымдастыру комитетіне:

● портфолиосын (титул парағы, сұранысы, кәсіби фотосуреті (9х12), түйіндемесі, жеке төлқұжатының көшірмесі, диплом көшірмесі, ғылыми атағы);

● электронды портфолиосын (жетістіктері, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін оқыту әдістемесіне байланысты БАҚ-та, конференция жинақтарында жарияланған мақалалары, сертификаттары мен куәліктері (болған жағдайда), жаңа әліпбиді үйретуге арналған әдістемелік құралдар мен жобаларға, бағдарламаларға қатысқандығын растайтын құжаттар ) және белгілі бір тақырып бойынша 15 минуттық видеосабақ түсіріп жолдайды.

Екінші кезең – қорытынды кезең

Қазылар алқасы ұсынылған материалдарды саралап, 10 үміткерді анықтайды. Бұл кезеңде 10 қатысушы үміткер алдын-ала ұсынылған видеосабағын ZOOM платформасында қорғап шығады (ұзақтығы 5 минуттан аспауы тиіс).

Сабақ жоспарының мазмұнында ескерілуге тиісті мәселелер:

– жаңа әліпбиге негізделген қазақ тілінің емле ережелерін терең меңгеруі;

– оқу процесін дұрыс ұйымдастыра алу қабілеті;

– оқытушының тақырыпты меңгертуде түрлі ақпарат көздерін қолдануы, оны игерту шеберлігі;

– тыңдаушымен кері байланыстың болуы;

– тақырыпты меңгерту барысында ынталандыра білу қабілеті;

– оқытушы қолданған оқу-әдістемелік ресурстардың (аудио, бейне, мультимедиалық, көрнекілік т.б.) сабақ мазмұнына сәйкестілігі;

– оқытушы қолданған технологиялардың (әдіс-тәсілдердің, сабақ түрінің және т.б.) тиімділігі мен ерекшелігі;

– әдістемелік материалдарының жаңашыл, озық үлгідегі әдістермен қамтылуы.

Сабақты бағалау критерийлері:

– сабақ мақсатының тақырыпқа сәйкестігі;

– тақырыптың терең ашылуы;

– материалдардың сабақтастығы;

– ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалана білу;

– мұғалімнің сөйлеу мәдениеті мен шеберлігі;

– аудиториямен кері байланыс орната білу;

– сабақтың нәтижелілігі, өз мақсатына жетуі. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады. Дауыс беру нәтижелері тең болған жағдайда қазылар алқасы төрағасының даусына басымдық беріледі. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар және ұйымдастырушымен бекітілген жүлде қорының көлеміндегі сыйлықтар табысталады.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының интернет-ресурсында байқау аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде орналастырылады.

Белгіленген уақыттан кешіктірілген жұмыстар қабылданбайды. Қабылданған жұмыстар кері қайтарылмайды. Қазылар алқасы тарапынан қорытынды кезеңде іріктелген сабақ жоспарлары әдістемелік жинаққа енгізіледі.

Құжаттарды қабылдау мекенжайы: Қарағанды қ., Кеншілер даңғ., 64, 218 каб., байланыс телефоны 8 (7212) 25-34-00, 25-51-90, 87759055317, электрондық мекенжайы: adisteme-2020@mail.ru

Басқа материалдар

Back to top button