Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысының әкімі Қазақстандағы Германияның Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Тило КЛИННЕРДІ қабылдады. Аймақ басшысы Қарағанды жеріне алғаш табан тіреген шетелдік мейманмен ГФР мен Қарағанды облысы арасындағы байланыстарды нығайтып, әріптестік аясын арттыру мәселесін талқылады.

Елшіні облыс тыныс-тіршілігімен таныстырған Ерлан Қошанов елімізде инвесторлар үшін жағымды жағдай жасалғанын атап өтті.

Неміс компанияларымен байланыс белсенді. Шетелдік инвесторларды тарту арқылы бүгін бір жоба іске қосылады, ал жыл соңына қарай техникалық газдарды өндіру бойынша тағы бір жоба ашылатын болады. Жалпы, аймақта қор бар. Ел көлемінде 4 өндірістік революция жағдайына көшу, цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Тау-кен метталлургия, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, машина жасау сынды салалардағы түрлі жобаларды ұсына аламыз,– деді Ерлан Қошанов.

Біздің тарап та инвестицияға мүдделіміз. Сіздің айтып отырған салаларыңыз өз әлеуетімізге қарай жасаған сараптамаларымызға сай келеді. Бұл салаларда біздің тәжірибеміз мол. Сонымен қатар, энергияны негізінен көмірден алатын аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін кәсіпорындарды модернизациялау, дуальді білім беру бойынша кәсіби кадр даярлау, жергілікті жоғары оқу орны жанынан құзыреттілік орталығын құрып, сол жерде оқытуға атсалыса аламыз,– деді Тило Клиннер.

«SES Saran» ЖШС жобасына қатысқан бизнес қауымдастық өкілі Иоахим Голдбек аймағымыздың инвесторлар арасында құрмет пен сенімге ие болғанын атап өтті.

Бизнес сенім болған жерде ғана алға басады. Мен бір жыл бұрын Қазақстанды білмеген едім. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны бізді қуантады,– деді ол.

Бұл ретте Ерлан Жақанұлы бизнестің дамуы тек сенімге ғана емес, қолдауға да байланысты екенін айта келіп, кез келген көңілге қонымды инвестициялық жобаны қолдауға әзір екендігін жеткізді.

Сіздердің ұсыныстарыныңыз біздің аймақ үшін аса маңызды. Біздің көптеген кәсіпкерлеріміз құралдарды шет елден әкеледі, біз оларды өзімізде өндірсек дейміз. Инвестиция жасауға болатын барлық салалардың тізімін жасадық. Инвесторлар үшін шоу рум аштық. Олар тікелей өндіріс орындарына, өздерін қызықтырған жерлерге бара алады. Ниеттенген инвесторлар болса, барлығын көрсетуге, түсіндіруге әзірміз,– деді Е.Қошанов.

Біздің облыста неміс компанияларымен бірлескен 120 кәсіпорын жұмыс жасайды, бір жылдағы өзара сауда айналымы 170 млн. АҚШ долларын құрайды. Аймақ басшысы кездесу барысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бемер арматура» ЖШС мен «ISOPLUS» ЖШС тілге тиек етті.

Екі зауыт та бар қуатында жұмыс жасауда. «Бемер арматура» ЖШС «Сарыарқа» газ құбырын тарту жобасына қатысады,– деді ол.

Екі тарап алдағы уақытта делегациямен алмасуға уағдаласып, кәдесыйларын табыс етті.

Жансая ОМАРБЕКОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button