Арқа спортының айбыны басым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін жаңа кешендерді салу қажеттілігі бар» деп атап өткен болатын. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Темірхан Абылаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Басқарма басшысының дерегіне сүйенсек, өңірде 430 мыңнан астам адамды қамтитын 1 133 спорт ұйымы және 28 мыңнан астам адамды қамтитын 39 спорт мектебі бар. Жалпы білім беретін мектептерде 75 176 баланы қамтитын 4 542 спорт секциясы, колледждерде – 288, жоғары оқу орындарында 126 спорт секциясы бар. Қазіргі уақытта секцияға балалар мен жасөспірімдерді тарту мақсатында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы іске асырылуда. Спорттың 26 түрі бойынша 173 спорт секциясы ашылған. Қазір онда 8 961 адам тегін жаттығады. Жыл басынан бері осы жобаны іске асыруға 1 млрд. 919 млн. теңге бөлінді.
– Өңірлерде бұқаралық спортты дамытуда нұсқаушылар үлкен роль атқарады. Бүгінде облыста осындай 388 маман жұмыс істейді. Оның 143-і ауылдық жерлерде. Бұдан бөлек, 42 спорт нұсқаушысы қажет. Олардың жұмысын қалалық және аудандық әкімдіктер өз бюджеттері есебінен ұйымдастыруы тиіс. Қазіргі уақытта облыста 2782 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның 980-і – ауылдық жерлерде. Жыл сайын облыста көбірек спорт нысандары салынуда. Дегенмен, оларға қажеттілік әлі де байқалады. Мәселен, 7 спорт кешені мен 25 метрлік 72 бассейн қажет. Жыл соңына дейін облыстың қалалары мен аудандарында 85 ашық спорт алаңы ашылады, – деді Темірхан Абылаев. Шахтинск қаласында 160 орындық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Ал, Балқаштағы Қоңырат шағын ауданын- да спорт кешені, Нұра ауданы Нұра кентінде жабық хоккей корты және жеке инвестор есебінен Қарағанды қаласында футбол манежі ашылады. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар спорт кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын. Нұра ауданы Шахтер ауылындағы жабық хоккей кортын, Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентіндегі 100 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенін де айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, аталмыш бағдарлама шеңберінде Ақтоғай ауылындағы стадионға қайта жаңарту жұмыстары, ал, Осакаров ауданы Молодежный кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы Ботақара, Мұстафин, Топар кенттері мен Приозерск қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Бұдан бөлек, келер жылы Қарқаралы қаласында стадионның, Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Осакаровка ауылында жүзу бассейнінің құрылысы басталады. Ал, Приозерск қаласындағы стадионға, Теміртаудағы «Строитель» спорт кешеніне, Қарқаралыдағы «Барс» спорттық-сауықтыру лагеріне жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен қаржы бөлінген.
– Сонымен қатар, мүгедектер спортына көп көңіл бөлінеді. Өңірімізде аутизмі бар балаларды жүзуге үйретуден республика бойынша жалғыз жоба іске асырылуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 49 млн. теңге бөлінді. 10 жаттықтырушы арнайы оқытудан өтіп, Қарағанды, Теміртау және Саран қаласында 90 баланы жүзу спортына баулуда. Бұл жоба 2023 жылы да жалғасатын болады. Спортпен айналысатын балалар санын – 60 адамға, бапкерлер санын бес маманға көбейту жоспрда бар. Мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған спорт мектебінде 16 спорт түрі қолға алынған. Онда 450 мүгедек шұғылданады. Олардың 222-сі балалар, – деді Темірхан Серікбайұлы. Басқарма басшысы өңірдегі маңдайалды спортшылардың жетістігіне де тоқталды. Және де көкпардан облыстың құрама командасы құрылатынын да баса айтты.
– Өңіріміздегі ұлттық спорт түрлерінде де белгілі бір ілгерілеушілік байқалады. Ұлттық спорт түрлерінің танымалдығы, әсіресе, жастар арасында артып келеді. Көкпармен айналысатындар саны әсіресе ауылдық аймақтарда едәуір өсті. Облыстық турнирлерге командалар көптеп қатыса бастады. Келер жылдан бастап көкпардан облыстық клуб ашылып, құрама команда құрылатын болады, – деді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде қазақ күресінен және тоғызқұмалақтан бөлімшелер ашылды. Қазақ күресі бөлімшесі Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінде жұмыс істейді. Облыс аудандарында түрлі ұлттық спорт түрлері бойынша тағы 17 маманға жаттықтырушылар штатын кеңейту туралы шешім қабылданды.
Ербол ЕРБОЛАТ