Руханият

АБАЙ мұрасы және НҰРБЕК молда

Заманында Абайдың сыншыл дінін – ақылдың діні деп танып, бір кісідей зерттеу жасаған жан болса, ол Нұрбек ОМАРҰЛЫ еді. Нұрбек молда Ақтоғай өңірінде дін ғұламасы атанған атақты Дүйсенбай МАНАЙҰЛЫНАН дәріс алып, сол кісінің ықпалымен әйгілі Көкелташ медресесін тәмамдаған.

Нұрбек молданың жазбалары мен қолданған діни кітаптарының арасынан барлығы 71 беттен тұратын, өз қолымен көшіріп жазған Абай өлеңдерінің табылуы – атамыздың арғы-бергіден хабары бар, сауатты жан болғандығын аңғартса керек. Қолжазбаларында Абай өлеңдерін хикаят деп бөлген. Нұрбек молда Шортанбай жыраудың өлеңдерін де насихаттап, халық арасына таралуына ықпал еткен. Табылған қолжазбаларының ішінде жыраудың өлеңдері де кездеседі.

Нұрбек Омарұлы 1883-1942 жылдар аралығында өмір сүрген. Ақтоғай өңіріндегі дін саңлақтарының бірі. Сарытерек округінің оңтүстік-шығысын бетке алған Қарашоқының баурайында мектеп ашып, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген. Мектептің маңайында мешіт болған екен. Сарытерек ауылының тұрғындары ол жерді «Нұрбек шоқысы», «Нұрбек қорасы» деп атап кеткен. Қораның орны бүгінде сақталған. Келешекте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «қасиетті орындардың» бірі болады деп үміттенеміз. Омардың Нұрбегінің аңызға бергісіз небір әңгіме-аңыздары халықтың аузында кеңінен сақталған. Аудан тұрғындары атаның қадір-қасиетін жыр қылып айтады. Соған қарағанда Нұрбек Омарұлын халық қатты қастерлеп, құрмет тұтқан. Қазақ тілінде «Талаптыға нұр жауар» деген мақал бар. Бұл, әрине «іздеген адам іздегенін табады», ұмтылған адамның еңбегі зая кетпейді деген мағына береді. «Нұр» араб тілінде «жарық» деген мағынаны білдіреді. Адам жарықты неге іздейді? Іздеген адамға жарық жауады. Мақалдың мағынасы «іздеген адам Алланы табады» ал, Алланы табу үшін ғылым – білімнің қажеттігін Абай Құнанбайұлы тәптіштеп түсіндіріп берген жоқ па? Ғылым-білімге қызығушылық Абай ұлағатын бойға сіңіріп, ғылымды, әділетті һәм рақымды ұрпақ өсіргенде ғана айымыз оңынан туып, көсегеміз көгерері айдан жарық, күннен анық ақиқат екенін Нұрбек атамыз заманында түсініп, зерделеп, ой елегінен өткізіп, айналасына насихаттаған. Атамыздың мол мұрасы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылынының тұрғыны Абдрахманұлы Мәжит ақсақалдың шаңырағынан табылды. Абдрахман ақсақал да бәйбішесі де шариғаттан хабары бар тақуа, аманатқа адал жандар болған болуы керек. Сол себепті, Нұрбек атамыз 2-3 кітапты сол шаңыраққа аманат ретінде қалдыруы мүмкін. Екі әулеттің достығы әріден болғанға ұқсайды. Атамыздың әкесі Омар мен Абдрахманның әкесі Құйрықбай ақсақалдар да кезінде сертке берік достар болған екен. Атамыздың мол мұрасын тауып алып, ұрпақтарына жеткізген Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының молдасы Қасенов Айдаржан Балтабайұлы. Айдаржан Балтабайұлының тікелей жетекшілігімен Нұрбек молданың қолжазбаларын оқып, түсініп жатырмыз. Ақтоғай өңіріндегі дін өкілдерінің тарихын зерттеп, көп жұмыс жасап, жарыққа шығарып жүрген азаматқа айтар алғысымыз шексіз. Нұрбек атамыз дін саңлағы болғандықтан заманында қуғын-сүргінді де көп көрген. Үстінен іс қозғалып, елден біраз жырақта жүреді. Кейін Ташкент әскери соты ақтап, елге қайтып оралады. ҰҚК-дан алған құжаттарда Нұрбек молданы «өте сауатты» деп көрсеткен. Биыл елімізде «Абайдың 175 жылдығы» аталып жатқанда Нұрбек молданың өз заманында Абайды танып, зерттеп, Ақтоғай өңіріне насихаттағанын айтпай кету, тарихқа қиянат жасаумен бірдей. Әрине, бұл аудан тарихы үшін, әулетіміз үшін зор мәртебе. Абай мен Нұрбек молданың байланысы туралы мақала жазып, ұлы ақын мен атамыздың үндестігін жариялап көрсетсек деген идея жылдың басында пайда болған еді. Атамыздың асыл мұраларын зерттеп, кітап қылып шығару керек деп біраз жұмыстарды бастап, естеліктер жинап жүргенде жаһанды жайлаған пандемия асыл анамызды арамыздан алып кетті. Әйтсе де, аманатқа қиянат жоқ. Мақала жазылып, кітабын шығару үшін жұмыстар жүріп жатыр. Артында өнегелі ұрпағы тұрғанда Алла бұйырса, кітап та жарыққа шығады. Нұрбек атамыздан қалған асыл мұра, бұл бір әулеттің, бір атаның ғана тарихы емес, еліміздің тарихы болары анық.

Кәмшат ӘБДРАХМАНОВА,

Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының ассистент-профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button