Руханият

«Сегіз қырлы, бір сырлы»

Кітап бар жерде рухани өмір бар. Кітапхана қорына түсіп жатқан жаңа кітаптар кітапхана жұмысын жандандырады. Бүгінде кітапхана қорында автордың жеке қолтаңбасы қойылған сыйлық кітап көбеюде.

Сол үрдісті жалғап, елу жылдан астам ғұмырын ұстаздыққа арнап, қаншама шәкірт тәрбиелеп, физика, астрономия әлемінде сауатын ашқан ұлағатты ұстаз, өлкетанушы Мақсұтхан Ақыш кітапханаға бірнеше кітабын сыйға тартқан еді. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 2020 жылы Қарағандыда жарық көрген «Аққу-қаздар қайтқанда» кітабының таныстырылымы онлайн өтті.

Қарапайым мектеп мұғалімі жүрек тебіренісін өлең-сөзбен өрнектеп, жастарды шыншыл да әділ болуға, мұсылмандық қағидасынан алшақтамай, ұлттық болмыс-бітімімізді тұғыр етіп, дұрыс жол таңдауға үндейтін туындысы жайлы ойларын ортаға салды. Бұл еңбек кейінгі жылдары жазған көркемдік бояуы қанық, ізденістерге толы әңгімелері топтастырылып, қалың оқырманға арналған.

Сонымен бірге, Мақсұтхан Ақыш өмір хақындағы, туған жер мен келер ұрпақ туралы әңгіме-өлеңдері, пайымдары мен ой-толғамдары, қарасөздері енген «Құс жолы», «Бақыт құсы», «Аққу арман», «Кернейдің әулие бұлағы», «Аққуым ақ еркем – аққу әуенім» сынды бірқатар танымдық кітаптардың авторы.

Кездесу барысында өлкетанушы көне жәдігерлерді зердесіне тоқып, оларды зерттеп білуге құштарлығы, жер аралау, тауға шығу, табиғат сұлулығына сүйсіну, төл тарихты зерделеу оның сүйікті ісі екенін ортаға салды. Ой жетегіне берілген ұстаз туған жері Семізбұғы жайында ой қозғағанда туып-өскен жеріне деген махаббатының ерекше екені байқалып тұрды.

Ол 1948 жылы 19 ақпанда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Семізбұғы кентінде туған. Республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға мақалалары, жырлары мен ғылыми зерттеулері жарияланып жүр.

Шара барысында сегіз қырлы бір сырлы ағамыздың өлеңдері оқылып, кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.

Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,

Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы,

Өлкетану әдебиеті бөлімінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button