Ауыз сумен толық қамтылады
Абай ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына көңіл бөлу жалғасуда. Топарда жылу трассасы, ал, Южныйда қазандық пен жылу желілері жөнделеді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде тұрғындарға ауданның дамуы туралы айтылды.
– Өткен жылы Дубовка, Құрма және Жұмабек ауылдарының су желілерін қайта жаңғырту жобалары аяқталды. Сондай-ақ, Абай қаласы мен Қарабас ауылындағы кәріз желілері мен тазарту құрылымдарын қайта жаңғырту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылды. Тұрғындарды жаңа желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Дубовкада кәріз желілерін қайта жаңғыртуды бастау жоспарлануда. Қарабас ауылындағы су желілері торабын салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді, – деді аудан әкімі Бауыржан Асанов.
Жиынға қатысушылар «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының кеншілерді жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерін орындауы туралы да айтты. Көмір департаментінің директоры Арман Қалықовтың айтуынша, жыл басынан бері шахталарға 668 адам жұмысқа қабылданғанымен, жұмыс күші тапшылығы әлі де бар.
– Жұмысшылармен кездесіп, қанша адам жұмысқа қабылданғанын, қаншасы кеткенін, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын түсіндіріңіз. Мәселелер әлі де бар. Міндеттемелердің орындалуы біздің бақылауымызда, – деді Жеңіс Қасымбек. Абай ауданында биыл 42 шақырым жолды жөндеу жоспарда. Кеншілердің өтініші бойынша Вольный ауылы арқылы «Абай» шахтасына баратын жол ретке келтірілмек.
Сондай-ақ Абай қаласында аттас көшені жөндеу жалғасады, тағы жетеуі орташа жөндеуден өтеді. Ақбастау ауылында екі көшенің жолдары жөнделеді. Сондай-ақ, жыл сайын тасқын кезінде су шайып кететін Тасзаимка ауылына баратын жолды қалпына келтіру жұмыстары басталады.
Ал Қоянды ауылындағы жолға су өткізгіш құбырлар орнатылып, жол жиектерін нығайту жоспарлануда.
Құрма ауылында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша бұрынғы мектепті қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Жаңартылған ғимаратта Мәдениет үйі ашылады.
Кездесуден кейін Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.