Қарағанды облысында ерекше балаларға арналған спорт нысандары көбейеді

Ерекше балалар ешкімнен кем емес. Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың ел қатарлы спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалуда. Қарағанды өңірінде мұндай балалардың 1467-сі спорттың 17 түрімен айналысады екен. Алдағы уақытта Қарағанды облысында ерекше балаларға арналған спорт секцияларының саны көбеймек. Сонымен қоса, инклюзивті топтармен жұмыс істеу үшін жаттықтырушыларды оқыту жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен қоғамдық кеңес отырысында айтылды. 

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық кеңес отырысында ерекше балаларға дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін баса айтты. 

Инклюзивті спорттың қолжетімді болуы үшін өңірде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу мақсатында фитнес-орталықтар мен бассейндерді жұмылдыру жоспарлануда және бюджет есебінен жаттықтырушылар оқытылмақ. 

– Ата-аналар оңалтуды емес, балаларының қарапайым балалар секілді спортпен айналысуы үшін инклюзия болғанын сұрайды. Біз оларды арнайы тьюторлармен қамтамасыз етуіміз керек. Өткен жылы 10 жаттықтырушы дайындалды. Олардың санын әлі де көбейту керек. Қарағандыда аутизм орталығы ашылып, онда 40 бала тіркелді. Теміртау мен Балқашта осындай орталықтар ашу жоспарда бар. Ендігі кезекте барлық фитнес-орталықтар, бассейндер мұндай балаларға міндетті түрде спортпен айналысуына мүмкіндік беруі тиіс. Қазір оларда арнайы дайындалған жаттықтырушылар жоқ. Сол себепті, жаттықтырушыларды бюджеттік қаражат есебінен оқытуға дайынбыз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Облыста ерекше балалармен жұмыс істеу үшін арнайы бағдарлама әзірленген. Қарағанды, Саран және Теміртауда аутизм спектрі бұзылған 90 бала 10 жаттықтырушының көмегі арқылы жүзумен айналысады. Келесі жылы олардың санын 60 адамға көбейту жоспарланған. Бес жаттықтырушы арнайы дайындықтан өтеді.

Сондай-ақ, жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша адаптивті тхэквондо (есту қабілеті бұзылған балалар үшін) және шахмат (ТҚАБ) секцияларында 79 бала айналысады.

Мүгедектер спорты бойынша облыстық мектепте 222 бала жаттығады, сал ауруы бар 40 бала футбол ойнайды. «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы бойынша спортпен шұғылдануға тағы 92 бала, Special Olympics Kazakhstan қозғалысына психикалық дамуы тежелген 944 жас спортшы тартылды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ