Жеңіс Қасымбек қоқыс жинау мәселесіне қатысты коммуналдық қызметтерді сынға алды

Қарағанды облысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің мәселесі әлі де өзекті. Облыс орталығында да қоқыс жинауға қатысты көптеген шағымдар бар. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызметтерге наразылық білдіріп, тәртіп орнатуды талап етті.

Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою жағдайы туралы аппараттық кеңесте Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков онлайн режимінде айтты.

Оның айтуынша, қалдықтарды жинау орындарын қашықтықтан зондтау арқылы ғарыштан анықтайды. Осылайша 800-ден астам стихиялық қоқыс орны табылды, деп хабарлады баяндамашы. Олардың басым бөлігі жойылды. Бірақ бірқатар қалалар мен аудандарда белсенділік таныту қажет.  Бұл әсіресе Қарағанды мен Теміртауға қатысты.

— Тазалық — бұл тұрғындардың бірінші кезекте назарын аударатын мәселесі. Өзекті проблема, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. — Қарағандыда қоқыс жинауға көп наразылықтар бар. Мен өзім жаяу жүріп, аулаларды аралаймын. Коммуналдық қызметтердің жұмысы өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Қала әкімшілігі тарапынан бақылау жоқ.

Облыс әкімі алдағы күндері бүгін айтылған сыннан кейін қандай жұмыстар атқарылғанын тексеретін болады.