Қарағанды

“Қарағанды аруы – 2022” сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды

7 қазанда “Cosmonaut” қонақ үйінде “Қарағанды аруы – 2022” сұлулық байқауының шоу-финалы өтті. Биылғы байқау бұрынғыдан өзгерек. 14 қатысушы сайыста би және вокалдық қойылымдардан басқа, өз өлеңдерін оқыды, музыкалық аспаптарда ойнады, тіпті сахнада картина жасап, таланты мен сұлулығына таңдай қақтырды. “Қарағанды аруы – 2022” сұлулық байқауында Мадина Мәкішева жеңімпаз атанып, тәж киді. Енді қарағандылық ару 18 қарашада Алматыда өтетін “Қазақстан аруы – 2022” байқауында облыс атынан қатысады.

“Art Line” модельдік агенттігінің басшысы және байқау директоры Мәдина Ахметбаева “Қазақстан аруы-2022” байқауына қатысудың өзі жеңімпаз үшін бас жүлде екенін айта келіп, Мадина Мәкішеваға гауһар тастары бар зергерлік бұйымдар, сондай-ақ басқа да естелік сыйлықтарды табыс етті.

– Бұл байқаудың қатысушылары талантымен таңдай қақтырды. Қазылар алқасы да, көрермендер де бұған куә. Қазіргі жастар озық ойлы, өзін-өзі дамытуға ерекше көңіл бөледі, білімін жетілдіруге және өзінің шығармашылық дамуына күш салады. Бұл қуантады, әрине. Әр қатысушының өзінің ішкі бай әлемі бар, сондықтан біз мұндай қойылымдарды байқау бағдарламасына батыл енгіздік, – деді байқау директоры.

Мәдина Ахметбаеваның өзінен басқа, төрешілер құрамында “Астана аруы” байқауының директоры Ольга Радыш, “Қазақстан аруы” скаут-директоры Әліби Желдербаев, “Қарағанды аруы-2015” Рената Нұрғазина, “Қарағанды аруы-2018” Дариға Кендебаева, “Даймонд Қарағанды” ЭПЛ директоры Айгүл Жанбатырова, “Сosmonaut”  қонақ үй кешені маркетологы Дарья Лебедева, актер және продюсер Әлішер Мұстафин, сондай-ақ, “Әлем аруы – 2022” Айдана Ахантаева болды.

Сайыстың екінші Вице-аруы 17 жасар Анастасия Гулевская, бірінші Вице-ару Айдана Елеусізова атанса, “Мисс-Қарағанды – 2022” атағы 19 жасар Мадина Мәкішеваға бұйырды. Тәж киген сәтте қатысушылар қуаныштан көзіне жас алды.

Мадина Қарағандыда туып-өскен. Ол психологиямен және кітап оқумен айналысады, мейрамхана және қонақ үй бизнесінде менеджмент бағытында сырттай оқиды, тіпті өз мамандығымен байланысты жеке бизнесі де бар көрінеді. Қарағанды аруы Мадина Мәкішева сұлулық байқауына алғаш рет қатысқан. 

– Бұл сәтті ұзақ күттім. Ал, жеңіс мен үшін тосынсый болды. Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда, ерекше қуат алады, қанаттанады. 

Финалға дайындық оңай болған жоқ, бұл процесте ең қиыны уақыт секілді көрінді. Өте ұзақ дайындалдық, ауа райының қандай болғанына қарамастан, жаттығуды жалғастыра бердім. Үш апта бойы үздіксіз жаттыққан еңбектің арқасында жеңіске жеттім, – дейді “Қарағанды аруы” Мадина Мәкішева. 

Қарағандының бірінші Вице-аруы Айдана Елеусізова “Көрермен көзайымы” номинациясымен марапатталды. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Суреттер EKaraganda.kz –тен алынды

Басқа материалдар

Back to top button