Қарағанды

Тұлғаны тұғырландырған турнир

Көмірлі өңір – талай былғары қолғап шеберін тәрбиелеп, үлкен спортқа жол ашқан өлке. Біздегі бокс мектебінің мықтылығына ешкім шүбә келтірмесі анық. Содан болар, өңірде бокс турнирлері жиі өтеді. Ал, бұл – спортшылардың шыңдалып, тәжірибесін толықтыруға үлкен мүмкіндік. Биыл жалауы желбіреген бокс ардагері Руслан ЮН атындағы 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы І ашық турнирде жастар өз күшін сынайтын алаңға айналды. Турнир алғаш рет өткізіліп отыр.

Қарағанды өңірі Руслан Борисовичті жақсы біледі. 2008 жылдың сәуірінде petraluxe GmbH компаниясын құрып, содан бері президенті болды. Сонымен қатар, 34 Өнертабыс пен патенттің авторы. Спортшыларға қолдау білдіріп, талай саңлақтың бағын жақты. Игі істердің жаршысы бола білді. Ел игілігі үшін ауыз толтырып айтарлықтай жобаларды дүниеге әкелді.

– Руслан Борисович спортшыларды жақсы көретін. Олармен тез тіл табысып, барынша қолдау білдіруші еді. Сонымен қатар, ол кісі тек спортқа қатысты емес, басқа да қайырымдылық шараларға атсалысты. «Жастарды әлемдік ареналарға шығару үшін оларға жағдай жасау қажет» деп үнемі айтып жүруші еді. Осы турнирден талай үздік шығады деген сенімдемін. Биыл бірінші мәрте өткізілгенімен қатысушылардың қарасы қалың. Алдағы уақытта дәстүрден жаңылмаймыз, – деді Altay polimetal бокс мектебінің жетекшісі Геннадий Ким.

Турнирге Астана, Қарағанды, Теміртау, Приозерск қаласы және Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облысынан 130-дан астам спортшы келді. Қатысушылар 44 келіден +80 келіге дейінгі 14 салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шықты. Жарыс жеңімпаздарына алдағы уақытта өтетін аймақтық кезеңге жолдама беріледі.
Спортшылар Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы спорт кешенінде 4 күн бойы жұдырықтасты. Жарыс жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін аймақтық кезеңге жолдама алады.

– Турнирге осыншама адамның келгені қуантты. Осалы жоқ. Облыстық, республикалық турнирлердің чемпиондары бар. Алдағы уақытта аймақтық турнир өтеді. Сол турнирге жарыс жеңімпаздарына жолдама береміз. Ал, жолдама бәске тігілген турнир қашанда тартысты болады. Және жарысқа халықаралық дәрежедегі 5 төреші шақыртылды. Яғни, жекпе-жек әділ өтеді деп нық сеніммен айта аламын. 5 бірдей халықаралық төрешіні шақырту бұрын-соңды облыстық деңгейде болмаған, – деді жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Қайрат Ғалымтаев.

Altay polimetal бокс мектебінің боксшысы Арнұр Алмазұлының бокспен шұғылданып жүргеніне 6 жылдан асыпты. 57 келіге шыққан боксшы қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.

– Жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Жарыстың алғашқы күнінде қарсыласымды нокдаунмен жеңдім. Жаттықтырушымның нұсқауымен істеп, соңында жеңімпаз атандым. Қарсыластарымнан бойым да, қолым да ұзын. Сондықтан, ара қашықтық сақтап, қарсы жұмыс жасадым. Бұған дейін облыстық деңгейдегі турнирлердің жеңімпазы атанғанмын. Енді үлкен турнирлерге жолдама ұтып, сол жерде бақ сынағым келеді, – деді ол.

Турнир қорытындысы бойынша, Altay polimetal бокс мектебінің 4 бірдей қатысушысы өз салмақ дәрежелерінде топ жарды. Ал, Арнұр Алмазұлы «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталды. Бұдан бөлек, ересектер арасында арнайы ұйымдастырылған жекпе-жекте Темірлан Загиев 51 келіде жұдырықтасып, «Ең үздік техника» номинациясын жеңді. 71 келіде шаршы алаңға шыққан Келдібек Қабыкенов қарсыласы Хорден Мұхаммедәлиді ұтып, чемпион атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button