Жаңалықтар

«7-20-25» қатысушыларына «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана қолжетімді болды

«7-20-25» бағдарламасына қатысушылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Тengrinews.kz «Баспана» ипотекалық ұйымына сілтеме жасап.

Тұрғын үйді сату ережесіне тиісті өзгерістер 2019 жылдың басында күшіне енді. Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй әкімдіктер мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына ғана беріліп келген.

«Мемлекеттік тұрғын үйдің негізгі артықшылығы төмен баға және өңірлерде бар болуында. Шаршы метрдің бағасы Астана, Алматы қалаларында (қала маңы аймақтарын қоса алғанда), Атырау және Ақтау қалаларында 180 мың теңгені, қалған өңірлерде – 140 мың теңгені құрайды. Мысалы, Астанада 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерді 10,8 миллион теңгеге сатып алу мүмкін және ең көп несиелеу мерзімі кезінде ай сайын ол үшін 61 мың теңге төлеуге болады», – деп атап өтті «Баспана».

Ұйымның түсіндіруі бойынша, «7-20-25» – «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй сатып алуды жеңілдетеді, себебі, әкімдікке кезекке тұру немесе ай сайын депозитке жинақтаудың қажеті жоқ. Пәтерді таңдап, «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банкке тұрғын үй құнының 20 пайызы мөлшерінде бастапқы жарнаны енгізсе болғаны.

«Нұрлы жер» бағдарламасының индикаторларына сәйкес ағымдағы жылы 20 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ең көп пәтерлер Алматыда (3 170), Шымкентте (1 981), Астанада (1 873) және Қостанай облысында (1 794) берілмек.

Басқа материалдар

Back to top button