Жаңалықтар

Аймағамбетов Тоқаевты неге өтірікші жасай береді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында балабақшамен қамтуға қатысты бір дерек келтірді. Оның айтуынша 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту ісі ақсап жатыр. Жартысына жуығы балабақшаға бара алмайды.

Өз сөзімен келтірсек:

«Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік статусын көтеріп, жалақысын көбейту керек».

Тоқаевқа мұндай деректі кім бергені белгісіз. Логикаға салсақ, мектепке дейінгі мекемелердің дерек-дәйегі Оқу-ағарту министрлігіне қарайды. Демек, Тоқаевтың аузына бұл сөзді Оқу-ағарту министрі Аймағамбетовтің өзі салған болып шығады.

Қ.Тоқаев пен А.Аймағамбетов / Фото: ktk.kz

Бір қызығы Аймағамбетов осыдан жеті ай бұрын, дәл ақпан айының 2-сінде Тоқаевқа мүлде кереғар дерек айтқан. Қараңыз, үкімет отырысында жасаған баяндамасында ол кездегі Білім және ғылым министрі былай дейді:

«3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға жетті. Ендігі міндет – балабақша бағдарламаларының мазмұны мен оқу-әдістемесін жақсарту, оларға деген талапты күшейтіп, жалпы сапасын арттыру. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие моделі дайындалды. Оны биыл жүзеге асырамыз. Осыған дейін кішкентай балаларға мектептегі тәрізді 20 минуттан сабақ өткізіліп келсе, енді педагог оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген тұсынан бастап физиологиялық және психологиялық қажеттіліктеріне қарай ойын, коммуникациялық арнайы әдістемемен іске асырады. Шетелдік тәжірибе осы әдістеменің маңыздылығын көрсетіп отыр».

Бәлкім, Аймағамбетов бұл жерде 2-6 жасқа дейінгі балалар туралы айтылып тұрғанын, ал, ол 3-6 жасқа дейінгі балалар туралы айттым деп ақталып кетуіне де болар. Бірақ, осыдан екі айға жетпейтін уақыт бұрын Тоқаев 2-6 жасқа дейінгі балалардың 88%-ы балабақшамен қамтылғанын айтқан. Жоғарыдағы логикаға салсақ, бұл ақпараттың да түпкі дерегі Аймағамбетов басқаратын ведомствоға барып тіреледі.

Балабақша жыры соншама жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Ақыры, жекеменшік балабақшалардың үлесін көбейту арқылы бұл проблема шешілгендей болған. Тіпті, оларға мемлекет тарапынан жасалатын тексерулерге де тыйым салып, балабақшамен қамту көрсеткішін «кей өңірлерде 100 пайызға жеткізіп» тастаған соң, аз уақыт желпіне сөйлеп жүрген Аймағамбетов жақында күтпеген жерден сапа туралы айта бастады. Алдымен Аймағамбетов, одан кейін Тоқаев балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізілетінін айтты.

Президентті өтірікші жасап, әр түрлі сөйлеуге мәжбүрлеп жүрген Аймағамбетовтің бұл әрекетін ақтайтын бір ғана жол бар: Ол балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылғанын, былтыр балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмаса да жұмысын жалғастырып жатқанын және “қауіпті жағдайдағы балабақшаларға” әлі күнге жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қойған балабақшалардың Тоқаевтың есебіне кірмейтінін, яғни, бұл балабақшаларға Оқу-ағарту министрлігінің қатысы жоқ екенін мойындау. Сонда ғана президент емес, Аймағамбетовтің өзі өтірікші болып құтылады.

Әйтпесе, лицензиялау қайтарылғанша министрдің өз сөзімен айтсақ, «формалды түрде жабылғанмен, сол ғимаратта, сол проблемалармен қайта ашылып жұмысын жалғастыра беретін» балабақшалардың әр ауызға ілінген сайын өзгере беретін көрсеткіші кезектен тыс сайлау өткізіп, тағы бір жеті жыл президент болуды ойлап отырған Тоқаевқа онша абырой әпере қоймайды.

Алмас НҮСІП. 

malim.kz сайтынан алынды

Басқа материалдар

Back to top button