БілімЖаңалықтар

Таңдауы – отандық оқу орыны

Мектеп бітіргеннен кейін Жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алу – талапкер өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі университет таңдаудағы жоспарларымен бөлісті.

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы жылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері Анара СЕМБЕКОВА АҚШ-тағы Qunnipiak University және Ұлыбританиядағы Hult International School of Business секілді бірнеше шетелдік университетте оқуға шақырту алған. Бірақ, талапкердің таңдауы Назарбаев университетіне түскен.

Анара іріктеудің алғашқы кезеңінде өтініш берген. Өткен жылы SAT және IELTS емтихандарына қатысқан. Содан кейін NU Admissions сайтына құжаттар тапсырыпты. Қолжетімді нұсқаулықтардың арқасында қиындық туындамаған.

Қазіргі таңда қатарынан оза шапқан жас түлек Қазақстанда білім алып, отбасы мен жақындарының жанында болуды жоспарлап отыр. Тегін оқу гранттарының жеңімпазы «Әрине, әлемді аралап, көп саяхаттаған дұрыс. Алайда, өз Отаныңда білім алу – ұлтжандылықтың, ел мен жерге адалдықтың айғағы» деген пікірде.

– Медицина саласы бойынша өз елімде білім алғаным дұрыс деп есептеймін. Себебі, әр елдегі қызмет көрсетулердің өзіне тән ерекшеліктері бар. Назарбаев Университеті өз кезегінде, Қазақстанның үздік жоғары оқу орны болып табылады. Ал, бастауыш сынып оқушыларына Назарбаев Зияткерлік мектептері мол мүмкіндіктер ортасы екенін айтқым келеді. Мен университет базасында екі апталық лагерьге қатысып зертханалар, жабдықтардың жоғары деңгейлі екеніне көз жеткіздім, профессорлық-оқытушылар құрамының таным-өресіне тәнті болып, таңдай қақтым, – дейді Анара.

Болашақ мамандығы ретінде медицина бағытын таңдаған мектеп бітірушінің айтуынша, жоғары жылдамдықты интернет ғасыры орнығып, тың ғылыми жаңалықтар ашылып жатса да, емдеу шараларына көне қоймайтын медицина саласында күрделі жайттар әлі де баршылық. Емдеуге дес бермейтін дерттер қатары шектелмей тұр. Олар терең әрі әлеуетті зерттеуді қажет етеді. Сол себепті, университетте оқи жүріп, денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесін қосу – оның басты мақсаты.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button