Жаңалықтар

30. ҚЫЗЫЛОРДА – СЕКСЕУІЛ – ЖЕЗҚАЗҒАН: қыр мен Сырды жақындатқан қос рельс

Бұл сапарға қаңтардың алғашқы күндері аттануымыз тиіс-ті. Былтырғы жылашар нөмірде тұсауы кесілген «30 жылдыққа – 30 репортаж» репортаждар сериясының соңғы дүниесін биылғы алғашқы санға беруге міндетті едік. Дегенмен, қаңтардың басындағы дүрбелең жоспарымыздың күл-талқанын шығарды. Төтенше жағдай режимі жүріс-тұрысымызды тұсаулап тастады. «Мақаламыздың кешіккенін қойшы, ел аман болсын» деген тілеумен қаңтарды өткіздік…

Жұрт қалыпты өмірге қайта айналған тұста қанатымызды тағы бір қомдап едік. Әйтсе де, дүниенің үрейін алып тұрған індет әлі біздің ауылда екенін көрсетті. Карантиндік оқшаулау бар, өзге де көлденең кеселмен әуреге түсіп жүргенде ақпан да артта қалыпты…

Сөйтіп, наурыздың басында «Қызылорда, қайдасың?» деп жолға шықтық. Ойымыз – Жезқазған мен Қызылорданың арасын жалғаған теміржолмен жүріп өту. Қыр мен Сырды жақындатқан қос рельстің жергілікті халықтың тұрмысына енгізген өзгерісін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген ықпалын бағамдамақпыз. Бұл – тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан ірі жобалардың бірі.

ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАҢҒЫРҒАН СОҚПАҚ

«30 жылдыққа – 30 репортаж» сериясы – біздің ұжымның ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арнаған тартуы. Былтыр жыл бойы облысымыздағы барлық сала бойынша әртүрлі нысандардан репортаждар жасап, газетке бастық. Алдымен шахтаға түстік. Кейін мыс балқыту цехында металлургтің жұмысымен таныстық. Диқанмен бірге дән септік, малшымен жүріп мал бақтық. Балық сүздік, тауық фермасында жұмыртқа да санадық. Ет комбинатында шұжық қақтадық, сүт фабрикасында айран ұйыттық. Тігін цехын тамашалап, диірменнен ұн құйдық. Қазір өзекті тұрған туризмді дамыту тетіктеріне де үңілдік. Қысқасы, облыс төңірегінде қарайған төбені түгел түгендедік. 29 нысанға табанымыз тиді. Ел өсуіне тер төккен еңбеккерлермен етене сырласып, еңбегін көпке әйгіледік.

Алайда, бұл репортаждар сериясы – бүгінгі ұжым «ашқан Америка» емес екенін айталық. Репортаждар сериясы қолыңыздағы газетте мұнымен екінші дүркін қолға алынды. Табанын шөп ала бастаған соқпақты «Орталықтың» оғландары қазірден қырық екі жыл бұрын салған-ды. Біз сол соқпаққа тағы бір мәрте із тастадық…

1980 жылы Қазақ КСР-ның құрылғанына 60 жыл толды. 26 тамызда мерейтой атап өтілді. Қазір жанымызда жүрген журналист Аман Жанғожин сол кездегі Бас редактор Рамазан Сағымбековтің ел тойына ерекше тарту жасауды ойластырғанын айтады…

Мерзім – мерейтойға екі ай қалған. Редактор «60 жылдыққа – 60 репортаж» репортаждар сериясын беру туралы шешім қабылдайды. Ұжым басшының бастамасын бірауыздан қолдайды. Бұл міндет Базарбай Мұстафин, Мағауия Сембаев пен Аман Жанғожиннің иығына жүктеледі. Жігіттер 27 маусым күні «1. Гапеевтің ізбасарлары» деген тақырыппен алғашқы репортажды оқырман назарына ұсынады. Әңгіме – даңқты Александр Гапеевтің ісін жалғастырған геологтар еңбегі жайында. Алпысыншы репортаж «60. Мерекелік ғимараттар» тақырыбымен 26 тамызда берілген екен. Мұнда сол уақытта Қарағанды қаласында той қарсаңында тұрғызылған ғимараттар туралы сөз өрбиді.

Алпыс күн тынбай еңбек еткен азаматтардың еңбегі еленді. Мұстафин, Сембаев және Жанғожин үштігі Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атанды. Тап бұл сыйлыққа арада 41 жыл өте – былтыр осы жолдардың авторы ие болды. Отыз жылдық тойға тарту болған репортаждар циклі бұл жолы да одақ тарапынан жоғары бағаланды…

Керекуден Қызылордаға қарай боздата тартқан пойыздың жұмсақ төсегінде тербеліп келе жатқан бізді алдымен мазалап үлгерген ойдың бір парасы осы еді…

«ӨКІМЕТТІҢ ОҢДЫ ШАРУАСЫ»

118ЦА пойызы Керекуден Қызылордаға дейін барады. Әуелде Жезқазған – Қызылорда арасында қатынаған бағыт қазір «Марал-Нұр» ЖШС иелігінде. Сырға қарай бет алған пойыз таңғы төрттің шамасында Қарағандыға жетеді. Түске таман Жезқазғанға аялдайды. Ал, Қызылордаға келесі күннің таңында ат басын тіремек. Бірінші рет жүріп келе жатқан біздіңше жол – ұзақ. Әйтсе де, жергілікті халық жаңа желінің ашылуы арқасында алыстың жақындағанын айтады. Бұл жолмен алғаш 2016 жылдың наурызында жолаушылар пойызы жүре бастады.

– Бұрын астанаға, теріскейге бару үшін Жезқазғанға немесе Қызылордаға автобуспен жетіп, пойыз күтіп жататын едік. Мына пойызға ауылдан міне саламыз. Бірден астанаға тартамыз, – дейді Ұлытаудағы Қоскөл ауылының тұрғыны Айша жеңгеміз.

Қазалылықтар да жаңа желіге дән риза.

– Павлодарға жарты Қазақстанды айналып өтіп, Шымкент, Шу арқылы баратын едім. Қазір Қазалыдан міне сала Жезқазған арқылы бір тәуліктің маңында барып тұрамыз. Ел өкіметінің оңды шаруасының бірі осы болды, – деген Сайран Шахриддинов есімді азамат Керекуден вахтадан қайтып келеді. Бір айда үй маңайына бақшасын салып, осы пойызбен тағы бармақ жұмысқа.

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов та теміржол аудан экономикасына, ел өміріне ерекше әсерін тигізіп отырғанын тілге тиек етеді.

– Жезқазғаннан шығып, Сексеуіл станциясына дейін жалғасқан желінің аудан экономикасына, ел тұрмысына елеулі ықпал еткені анық. Осы теміржол бойында орналасқан Қарсақбай кенті, Байқоңыр, Қоскөл селоларында теміржол станциялары мен әрбір 30 шақырым жерге разъездер орналастырылған. Құлазып қалған далаға тыңнан теміржол салынды, электр желілері тартылды. Станцияларда теміржол вокзалдары мен тұрғын үйлер тұрғызылды. Келешекте астық колбаларын салып, игерілмей жатқан егістік жерлерді айналымға қосу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – дейді Мақсұт Сәрсембайұлы.

Дегенмен, о баста бұл теміржол елді жерден алыстап кетуі де мүмкін еді. Атқамінер азаматтардың дер кезінде қимылдауының арқасында ауылдардың үстімен салыныпты.

– Осы желінің алғашқы жобасын көргенде жергілікті азаматтар бірден көтерілді. Теміржол жоғарыда аталған ауылдардан 30-40 шақырым қашықта, елсіз жер, сыртпен салынбақшы. Аудандағы, Жезқазған қаласындағы жанашыр азаматтардың араласуымен жолдың жаңа жобасы жасалды. Теміржолдың елді мекендер арқылы өтуінің дұрыс шешім болғандығын бүгінгі халықтың жағдайы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне әсерінен байқауға болады, – дейді әкім орынбасары.

Қазіргі таңда «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ аудан бюджетіне 1 млрд. теңге көлемінде салық төлеп үлгерді.

Әрине, әңгімеміздің осы тұсында жаңа желіге қатысты «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ-ның ресми ақпаратын оқырман назарына ұсынғанда көжеміз қоюлана түсер ме еді?! Дегенмен, 9 наурызда компанияның баспасөз қызметіне жолдаған хатымызға жауап ала алмай пұшайман болдық. Баспасөз қызметінің басшылығымен де, қатардағы мамандарымен де телефон арқылы тілдестік. Жаңа желінің экономикалық тиімділігі, бір жылдық жолаушылар тасымалы ауқымы мен жүк айналымының көлемі турасындағы бес-алты сауалымыздың мемлекеттік құпияға қатысы жоқ деп ойлап едік. «Мемлекеттік құпия» деп те айтпады баспасөз қызметіндегі жігіттер. Обалы нешік, «дайындап жатырмыз» деген сылтаумен уақытымызды алды. Әйтпесе, кенді Жезқазған өңірін, Қарағанды аймағын, солтүстік пен оңтүстікті, шығыс пен батысты, Қытай мен Еуропаны, Ресей мен Парсы шығанағын жалғаған бұл жаңа желінің экономикалық тиімділігі шаш-етектен екенін біздің ішіміз біліп отыр. Тек, нақты цифрдің екі аптадан аса уақыт қолға түспей қойғаны қынжылтады…

«ШӨЛГЕ ЖЕТКЕН ӨЗЕНДЕЙ ЕДІ…»

Жезқазғаннан шыққан жолаушылар пойызы Қарағанды облысы аумағында Қарсақпай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл станцияларына тоқтайды. Әрмен қарай – Қызылорданың иелігі. Ашық дерек көздері Жезқазғаннан теміржол тармағы түйіскен Сексеуілге дейін 517 шақырым дейді.

Жоғарыда айттық, желімен алғашқы жолаушылар пойызы 2016 жылы Наурыз мейрамына таман жүріп өтті. Біз мінген пойыз бастығы Қуанышбек Кәрібаев ол күнді тап қазіргідей есіне алады.

– Шөл далаға су келгенін елестетіңізші. Біздің пойыз сол шөлге жеткен өзендей еді. Станцияларда әжелеріміз шашу шашып, табақ-табақ бесбармақ көтеріп, алдымыздан шықты. Тәубесін айтып, қуаныштан жылап жатқандары да болды. Қос облыстың да ең шеткері аймақтары. Екі жақтағы ауылдар да облыс орталықтарынан тым шалғайда. Малдан басқа күнкөріс жоқ, ел қалаға үдере көшіп жатқан. Өзім Қызылорда тумасы болған соң жақсы білемін. Теміржол желісі осы иен далаға жан бітіріп, тамырына қан жүгіртті. Ел қайта қайтып келді. Дала мал мен жанға толды, – дейді Қуанышбек Құдайбергенұлы.

Бұл пойыз күнара қатынайды. Он вагонды. Қызылорда – Сексеуіл – Жезқазған – Қарағанды – Елорда – Кереку барады. Қукеңнің бригадасы Қызылордаға жеткен соң сегіз күн демалады. Яғни, сегіз күн жұмыс, сегіз күн демалыс. Сегіз күнде Керекуге екі барып қайтады.

Отыз жылдан аса жолсерік қызметінде келе жатқан пойыз бастығының айтар әңгімесінің соңы алыста. Біз таңсық сұхбаттың жетегінде келе жатқанда пойыз Қарсақбайдан асып, Байқоңырға таяп қалғаны туралы хабар жетті. Бұл жерде бізді Жанкелді селолық округінің әкімі Шәріп Бекетов күтіп тұруы тиіс еді.

Бұл станса пойыз үш минут шамасында аялдайды. Десек те, қысқа уақыт арасында әкімнің әңгімесінен біраз ой түйіп үлгердік.

Шойынжол төселгенше Байқоңырда 40-50 шамасында үй қалған еді. Тіпті, бірнеше көше сүріліп кетті. Қазір бұл ауылда бос үй жоқ. Селолық округте алты жүзге жуық жан тұрады. Теміржол ауылда халықты тұрақтандыруда негізгі рольге ие болды.

– Ауылдан отыз шақты адам теміржолда жұмыс істейді. Кейінгі жылдары көшіп келушілер саны артып, мектеп кеңейді, балабақша ашылды. Кәсіпкерлік те өркендеп келеді. Екі дүкеніміз бар еді, тағы бір дүкен биыл ашылмақ. Бір адам облыс әкімінің грантын ұтып алып, кондитерлік цех ашуға кірісті. Тағы бір жерлесіміз аудан әкімінің грантына қол жеткізді. Дөңгелек жөндеу цехын жолға қоймақ, – дейді ауыл әкімі.

Шөлейтті жер үшін басты мәселе ауыз су екені белгілі. Бір қуанары бұл ауылда ауыз су мәселесі түбейгейлі шешілген. Үйге дейін су құбырмен келіп тұр.

Ауыл тұрмысымен бөліскен әкім келешекте халық саны өсе беретініне сенім білдірді.

«ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ БАР»

Теміржол салынуымен, әсіресе, тораптық станса саналатын Қоскөлдің бағы жанды. Әріптесіміз, ағамыз Әлібек Әбдіраш тап осы Қоскөл туралы ертеректе бір айтып, тамсандырып еді. Енді өз көзімізбен көрудің сәті түсті.

Бұл жерде пойыз 15 минут дем басады. Селолық округ әкімі Қалдыбек Кәкімжанов – былтырғы жылдың жазынан қызметте. Сайлауда елдің қолдауына ие болды. Қазір ауылдың әлеуметтік жағдайы бес-алты жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда көш ілгері екенін сөз арасында айтып өтті.

– Қоскөл стансасында ауылдан 80-ге жуық адам еңбек етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұрын көшіп кеткен ауылдастарымыз қайта оралып, үйлерін жөңдеп алып жатыр. Жаңадан үй салған, үй салуға жер сұрап отырған тұрғындар қарасы да көбейіп келеді. Стансада теміржол депосы, өрт сөндіру бөлімі, жұмысшылар жатақханасы бар. Павлодар-Қызылорда пойыз бағыты ауыл халқының жол қатынасын жақсартуға үлкен көмек болып тұр, – дейді Қалдыбек Кәкімжанов.

Егер, о бастағы жоспар толық жүзеге асқанда Қоскөл жұрты аудандағы ең бақуатты ауылдың біріне айналып отырар ма еді?! 2013 жылы «Қазақстан теміржолы» тапсырысымен Қоскөлде 55 тұрғын үй салынуы тиіс-тұғын. Әттеген-айы, 55-тің, тек, үшеуі тұрғызылды. 55 үй – алдымен теміржолшыларға, артылса, ауыл халқына тапсырылмақшы еді. Қазір салынған сол үш үйде алты теміржолшының отбасы отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов компания мойнына алған шаруаны толық орындамай, уәдесінде тұрмағанын айтып еді. Теміржолдың елге пайдасын жіпке тізе келген Мақсұт Сәрсембайұлы сөз соңында: «Дегенмен «Қазақстан теміржолы» жоспарлаған жұмыс көлемін толық орындады деп айта алмаймыз. Бастапқы жобада станцияларда салынуға тиісті тұрғын үйлер, балабақша, инфраструктуралық құрылымдар, жолдар салынған жоқ» деп кемшілікті де көзге шұқып көрсетті. Ауыл әкімі де біраз жайттың басын ашты.

– «Таяқтың екі ұшы бар». Локомотив депосы, өндірістік-техникалық цех салынды, бірақ жұмыс істемейді. Құрал-жабдығы түгел емес. Кәріз тазарту жүйесі толық жасалған жоқ. Қазылған жерге былтыр көктемде қыз бала құлап кетіп, қайтыс болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында киіктер құлап, үш күн дегенде әрең шығардық. Кәріз жүйесінің суы далаға ағып жатыр, көлшікке айналды. Міне, осындай проблемалар баршылық. Бұл жағдайдың бәрі қоршаған ортаға осында тұратын елдің денсаулығына кері әсер ететіні түсінікті, – деді елжанды әкім.

Әрине, ел басқарып жүрген бұл азаматтар елге, жерге жаны ашығаннан ақиқатын тайсалмай айтып отырғанын біз жете түсіндік. Креслосы үшін алаңдамай, шындықты бетке басқанына риза болдық. Егер, жергілікті атқамінерлер атап айтқан мәселенің түйіні түгел тарқатылса, теміржолдың бойындағы жұрттың күнкөрістен тарықпасы анық…

ЖАҚЫНДАЙ ТҮСКЕН СЫР ЕЛІ

Күн еңкейе Қоскөлден батысқа қарай қозғалған пойыз Қызылорданың аумағына дендеп ене берді. Әуелі қарсы алатын Абай стансасы. Әріде – тоғыз жолдың торабы Сексеуіл. Арал ауданының іргелі қоныстарының бірі. Ежелгі станса. 1877-1906 жылдары салынған Орынбор – Ташкент теміржолымен жүйткіген отарба ақшулан толқыны жағаға ұрған Аралды жағалап келіп осы тұсқа да аялдайтын. Бүгінде ол Аралдың шаңы көкке көтеріліп жатыр.


Сексеуілдегі жарты сағаттық үзілістен соң көкқасқа локомотив тағы кісінеді. Жезқазғаннан Сексеуілге ілінген жаңа желі осы тұстан жоғары тартса – Бейнеуден, оңтүстікке бұрылса, Қызылордадан шығады. Батысқа – Маңғыстау, Атырауға жол тартқан жолаушы біткен өзге пойызға мініп жатты. Ал, біздің вагонның есігін жолсеріктер қымтай жапты. Бағана басындағы тостағаннан төгілген жарық атаулы жайымен сырғып қалып жатты. Қараңғылық құшағына сүңги бердік… Алда – Ақмешіт – Перовск – Қызылорда… Сыр елі…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Қоскөл стансасындағы вокзал.

2. №118ЦА пойызының бастығы Қуанышбек Кәрібаев жас жолсерік Ержан Қанибайға кеңес беруде.

3. Жанкелді селолық округінің әкімі Шәріп Бекетов. 4. Сырға жол тартқан жолаушы жұрт.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button