Ахаң мұрасы – ұрпақ қазынасы

Облыстық білім басқармасында Ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың Ахметі» атты облыстық құрылтай өткізілді. Ғалымдар мен білім саласының қызметкерлері бас қосқан жиында ұлы ұстаздың қоғамдық және ғылыми-педагогикалық мұрасы жайлы кеңінен сөз болып, облыс бойынша мерейтойға орай өткізілетін жұмыстар таныстырылды.

Аталған шараға облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.Бейсенбекова және Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Б.Қалиев, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Б.Әбдікерова, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры С.Ізтілеуова және онлайн режимде облыстың 500-ден астам мұғалімдері қатысты.

Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері ұлттық мүдде тұрғысынан талданып, ғалым мұрасының зерттелуі, қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі жөнінде айтылды.

Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Б.Әбдікерова А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткізілетін шаралардың жоспарымен таныстырды. Атап айтқанда, наурызда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің съезі жоспарланған. Ал келесі айда «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты форум өтеді. «Тіл білімінің атасы» аталатын облыстық бейнесабақтар байқауы қыркүйекке дейін ұйымдастырылса, Ұлт ұстазының ғылыми, әдеби мұраларын насихаттау мақсатында әр мектепте ашық сабақтар, сынып сағаттары, сыныптан тыс жұмыстары жыл бойы өткізіледі.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова ғалым мұрасы жайлы сөз еткенде оны бүгінгі күнмен байланыста қарау қажет екенін айтады. «Бір ғасырлық мұраны бүгінгінің оқушылары түсіне бермейді. Сол дүниелерді оқытқанда қоғамда болып жатқан өзгерістермен байланыста оқыту қажет», – деп, Ахмет Байтұрсынұлының әр еңбегіне ұлттық мүдде тұрғысынан талдау жасады. Қазіргі балаға тарихты түсіндіру үшін өз саласын жетік білетін мамандардың үлесі зор екенін тілге тиек етті. Ахаң айтқан әрбір ой бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Ұлт қайраткерінің өзі ашқан «Қазақ» газетінде жарық көрген оның әр мақаласында ұлттың қамы, елдің жайы, халықтың мұңы сөз болды. Өткенімізді білу үшін сол еңбектердің әрқайсысының маңызы бар екенін атады тарихшы ғалым Н.Бейсенбекова.

Тіл білімінің атасы – А.Байтұрсынұлының тілдік мұрасы жайлы университет ғалымы Б.Қалиев сөз қозғады. Ұстаздың оқу-ағартушылық бағыттарына тоқталған ғалым оның публицистикада, ғылымда, әдебиетте ізі қалғанын айтып өтті. Расында да, ұлттың ұлы ұстазы жазған еңбектердің барлығы дерлік қазақ халқына дер кезінде қажет дүние болды. Б.Қалиев қайраткердің лингвистикалық мұрасының тарихын зерделеп, халықтың сауатын ашуда жаңа жазу реформасын жасағанын айтып, төте жазудың ерекшеліктеріне тоқталды.

Ал, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры С.Ізтілеуова ұстаз өмірінің кешегісін бүгінмен сабақтастыру арқылы білім беру жүйесінде Ахаң есімін жаңаша жаңғыртуда жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Мектеп басшысы ұстаз атын арқалаған мектепте 150 жылдық мерейтойға орай өткізілетін шаралар барысын баяндады. Оның ішінде, облыстық семинар, әдеби кештер, ғылыми конференция, сахналық қойылым, қалалық және республикалық ғылыми-танымдық конференция және интеллектуалды марафон өткізілетіні жоспарланған.

Желтоқсан айында облыс бойынша мерейтойға орай өткізілген жұмыстар ғылыми-практикалық конференциямен қорытындыланбақ.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.