Бас тақырып

“Қадірі артқан” қаңғыбас ит

Қаңғыбас иттің мәселесін «Орталық Қазақстан» газеті жуырда ғана тағы бір көтерген еді. Басылымның 31 наурыздағы санында «Жаңа заңның «жылымығы» тақырыбында сараптамалық мақала жарық көрді. Мақалада қаңғыбас иттерге қатысты туындап отырған проблема жан-жақты қамтылды. Журналист жазғандай, шынында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заңда қаңғыбас ит пен мысықтың құқығы, жағдайы сіз бен бізден артық қорғалған. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, бұл тақырыпқа қайта оралуға тура келіп тұрғаны…

Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп келді. Кеңес тұсында «ит – адамның досы» дедік. Шындығында солай ма? Қазір адамға, малға жүгіретін ит көбейді. «Ит қапты, ит талады» деген ақпарат әлеуметтік желіні жарады. Жуырда ғана Ақтоғай ауылында ит талап, екі баланың бірі шетінеп, екінші бала ауыр халде ауруханаға түсті. Әрине, бұл – иесі бар иттің істегені. Ал, қаңғыған иттен келер қауіп қаншалықты сонда? Қаңғыбас иттердің адамға жүгіріп, малға шабуына қатысты ауыл тұрғындары тарапынан айтылып жүрген арыз-шағымда да қисап жоқ. Алайда, күні бүгінге дейін бұл мәселе толық шешімін таппай отыр. Мына жаңа заңға қарасақ, жуық арада бұл мәселенің шешімі таптырмайтын да секілді. Ит адамға жүгіретін әдетті қайдан тапты?! Бала кезімізде ауылдағы әр үйде екіден, үштен жүндері жалбыраған, ұялас Алыпсоқ, Бөрібасар, Құтжол, Майлыаяқ төбеттер мен аңға салатын тазылар өріп жүретін. Және олардың малмен де, адаммен де ісі болмайтын. Төбеттер күлтөбенің үстінде анда-санда бір «әуп» етіп, ұйқыдан бас алмай жата беретін. Тазылар да итаяқ иіскеп, үй-үйді аралап жайымен жүретін.

«Адамға, малға ит жүгірді» деген әңгімені мүлде естімеппіз. Әлде мән бермедік пе? Ол кездегі елдің ит туралы түсінігі «иттің қызметі – ауылдың тыныштығын итқұстан күзету» дегенге саятын. Қалай десек те, қазіргі ит пен бұрынғы иттің айырмасы жер мен көктей. Иә, бүгінде заман да, адам да, ит те өзгерген. Қазіргі қазақтың ауласын заты да, аты да басқа ит жаулап алған. Бүгінгі ел шынжырда овчарка, хаски, бульдог, алабай, тағы сол сияқты толып жатқан кілең бір ашушаң, ызақор иттерді ұстайтын болған. Ақтоғай ауылының әкімі Қ.Болғанбаев қаңғыған иттің көзін жаппай құртуға болмайтынын айтады.

– Негізі, көшеде босып жүрген ит пен мысық көп. Оларды аулап, жою біздің міндетімізге жатпайды. Біз, тек, тұрғындар арыз-шағым түскен жағдайда ғана, аудандық ветеринариялық станцияға хабарлама жібереміз, – дейді ауыл әкімі. Ал, Ақтоғай ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары С.Әміралин жаңа заңда көрсетілген талаптарды орындауға ауданда мүмкіндік жоқ.

– Бұрын қараусыз, қадағалаусыз жүрген және қожалары жоқ қаңғыбас ит пен мысықты жою үшін құрамына ветеринариялық станция мамандары, учаскелік полиция енген арнайы топ айналысатын. Жаңа заңға байланысты ол жұмыс биылғы жылы тоқтап тұр. Енді, жаңа заңға сәйкес, аудан, ауыл орталықтарынан қараусыз жүрген ит пен мысықты арнайы панажайларға орналастырып, жұқпалы індеттерге қарсы екпе жасап, таңбалап, қайыра босатып жіберетін болдық. Өзіңізге белгілі, әзірге аудан басында қаңғыбас ит пен мысыққа арналған панажай жоқ. Панажай салу үшін, әлбетте, қыруар қаржы керек. Қаржы қайдан қаралатыны да әзірге белгісіз, – дейді аудан әкімінің орынбасары. Ауылда үй жануарларын ұстау мәдениеті де мүлде қалыптаспаған. Ел байлаудағы итін түнемелік «бойын жазсын» деп босатып жібереді. Көбіне кісіге жүгіретін де осы байлау көрген иттер. Енді, мына жаңа заң онсыз да қараусыз, қаңғыбас иттердің әбден еркінсуіне жол ашатын түрі бар. Күні ертең ит талаған екі баланың оқиғасы ауылда қайта қайталанбасына кім кепіл?! Үй жануарларын ұстауға қатысты жаңа заң бізді – ауыл тұрғындарын да екі ұдай ойда қалдырып отыр.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button